«ALQA» РАДИОСЫНА 1 ЖЫЛ» тақырыбында республикалық дөңгелек үстел өтті

«ALQA» РАДИОСЫНА 1 ЖЫЛ» тақырыбында республикалық дөңгелек үстел өтті

2025 жылдың 10 маусымында Астана қаласындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасында рухани-танымдық «ALQA» радиосының 1 жылдығына орай республикалық дөңгелек үстел өтті. Дөңгелек үстел Астана қаласы Мәслихатының төрағасы Табиғат Қабденұлы Зейнұлқабденнің құттықтау сөзімен ашылды.Мәслихат төрағасы жаңа заман талабына сай жұмыс істеп отырған ақпарат құралының қысқа уақыт ішінде қоғамнан өз орнын алғанын атай келе, шығармашылық ұжымға алғысын білдірді. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Дін істері комитетінің Басқарма басшысы Жапал Әмзебекұлы Радиоарнаның өз мақсатына сай, кәсіби түрде хабар таратып отырғанын баса айтты.
Бас баяндаманы «ALQA» радиосының Бас редакторы Серік Сейітман жасады.

 Серік Сейітман «Алқа» радиосы 100 пайыз өзінің төл өнімдерін эфирге шығарып келетінін де тілге тиек етті:
«Осы орайда біздің youtube арнамыздағы бағдарламаларымызға отандық екі телеарнаның ықыласы ауып отырғанын атап өтейін. Басшылары бізге шығып, эфирімізге қойсақ деген ұсыныс айтқанына біраз болды. Ал оларға келісім беру жағы заңгеріміз бен шығармашылық кеңестің алдағы шаруасы деп білемін», – дей келіп, Радиоарнаның болашақтағы жоспарымен де бөлісті:
«Алда толқыннан жиілік алу жоспарымыз бар. Жаңалықтар қызметін іске қосу, ақпараттық репортаждар тарату, тыңдармандармен тікелей эфирде кері байланыс орнату секілді Радиоарнаны жанрлық жағынан түлету ісі де сол күндердің еншісінде деп білемін. Бұл – қаржы мен қажырды тиімді жұмсауға байланысты құрылған стратегиялық даму бағдарламамыздың ұтымды тұсы».
Қазақ радиосының ардагерлері, даңқты дикторлар Сауық Жақанова мен Аманжан Еңсебайұлы шараға құрметті қонақ ретінде шақырылды. Олар дәстүр мен жаңашылдыққа байланысты өз тәжірибелеріменбөлісті, «ALQA» радиосының жұмысын өте жоғары бағалап, ізбасарларына ақ батасын берді.