Жол қозғалысын ұйымдастыру орталығы жүргізушілерді тоқтау мен тұру қағидаларын сақтауға шақырады

Жол қозғалысын ұйымдастыру орталығы жүргізушілерді тоқтау мен тұру қағидаларын сақтауға шақырады

Оқу жылының басталуымен жол қауіпсіздігі мәселесі ерекше өзекті болып отыр

Астана қаласының Жол қозғалысын ұйымдастыру орталығы қызметтік автомобильдерге орнатылған мобильді аппараттық-бағдарламалық кешендер (АБК) арқылы көше-жол желісіне тұрақты мониторинг жүргізеді. Кешендер қала бойынша қозғалыста жүріп, тоқтау мен тұру қағидаларының бұзылуын, оның ішінде 3.27 «Тоқтауға тыйым салынады» және 3.28 «Тұруға тыйым салынады» жол белгілері әрекет ететін аймақтарда тіркейді.

Тоқтау мен тұру қағидаларын бұзу жол қозғалысы мен жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігіне тікелей қатер төндіреді. Тыйым салынған жерге қойылған көліктер жаяу жүргіншілер өткелінде көрінуді жауып, адамдарды жүру бөлігіне шығуға мәжбүрлейді әрі басқа қозғалысқа кедергі келтіреді. Сонымен қатар мұндай көліктер жедел жәрдем, өрт сөндіру және полиция сияқты жедел қызметтердің өтуін қиындатады — ал олардың жылдамдығына көбіне адам өмірі байланысты.

Бұл мәселе оқу жылының басталуымен ерекше өзекті болып отыр. Мектептер мен балабақшалар маңында және іргелес көшелерде бала-жаяу жүргіншілер саны артады, сондықтан оқу орындарына қауіпсіз әрі еркін жол мен өткелдердегі ашық көрініс аса маңызды.

Орталық жүргізушілерден Жол жүрісі қағидаларын қатаң сақтауды, көліктерін тыйым салынған белгілер аймағында және жаяу жүргіншілер өткелінде қалдырмауды, тек рұқсат етілген жерге қоюды сұрайды. Қағиданы сақтау — әр жүргізушінің қаладағы жол қауіпсіздігіне қосатын үлесі.