АСТАНАДА ЖҮЗУДЕН ҚАЛАЛЫҚ БІРІНШІЛІК БАСТАЛДЫ

АСТАНАДА ЖҮЗУДЕН ҚАЛАЛЫҚ БІРІНШІЛІК БАСТАЛДЫ

АСТАНАДА ЖҮЗУДЕН ҚАЛАЛЫҚ БІРІНШІЛІК БАСТАЛДЫ

Бүгін Barys Arena Pool олимпиадалық бассейнінің базасында жүзуден 3 жас топтары арасында Астана қаласының ашық чемпионатының ашылу салтанаты өтті.

Спорттық іс-шараның ашылу салтанатына Астана қаласы әкімдігінің №4 Балалар мен жасөспiрiмдер мамандандырылған олимпиадалық резерв спорт мектебінің басшысы Нұрбол Жарқынбеков және төрешілер құрамы қатысты.

Жарыстың ашылуы рәсімін салтанатты түрде мектеп басшысы Нұрбол Жарқынбеков ашып, жас спортшыларға жоғары жетістіктерге жетуіне сәттілік тілеп, жылы лебізін білдірді.

«Қайырлы күн құрметті спортшылар және жарыс қонақтары! 

Сіздерді бүгінгі жарыстың басталуымен шын жүректен құттықтаймын. Біріншілік қаламызда жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп тұрады. Додаға қатысуға Қазақстанның әр өңірінен 400-ден аса спортшы қатысуда. 

Қазіргі таңда жүзу спорт түрі елімізде қарқынды дамып келеді. Астаналық спортшылар көптеген жетістіктерімен ел спортының тарихында есімдерін қалдырып үлгерді. 

Күні кеше айтулы мектептің тәрбиеленушілері Оңтүстік Кореяда академиялық ескек есуден өткен Азия кубогында әйелдер құрамасы алғаш рет топ жарды. Сондай-ақ, жігіттеріміз үздік үштіктер қатарынан көрінді.  

Өздеріңізді бүгінгі жарыста көргеніме қуаныштымын. Жарысты ұйымдастырған барша азаматтарға еліміздің спорт саласын дамытуға қосқан үлесі үшін зор алғысымды білдіремін. 

Бүгінгі жарыста үздіктердің үздіктігі анықталып, ең мықтылар жеңіс тұғырынан көрінеді деген сенімдемін», деді ол.

Дәстүрлі түрде өтетін жүзуден ашық біріншілікке еліміздің барлық облысымен қатар республикалық маңызы бар қаларынан 400-ден аса қатысушылар бас қосты.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер төрт күнге жалғасатын біріншілік барысында анықталады. Яғни олар, әр қашықтықтағы үздік нәтижелер бойынша жеке анықталса, чемпионаттың үздік спортшылары әр жүзу стилінде үздік нәтиже бойынша FINA ұпайлық кестесі бойынша кубоктармен марапатталады.

Жарыстың алғашқы күні эстафеталық жарыс – баттерфляй, еркін жүзуден 100, 200, 800 метр және брасс, арқамен жүзу 50 метр ара қашықтықта бойынша өрбиді. Ал жарыстың екінші, үшінші және төртінші күндері спорттық бәсеке керісінше тәсілмен жүргізілді. Яғни 50 метр ара қашықтықта еркін жүзу, баттерфляй, кешенді жүзу, ал арқамен жүзу және брасс 100 метр бойынша үздіктерді анықтайды.

Спорт саласы мамандарының сөзінше, ашық біріншілікте үздік көрінген спортшылар алдағы әлемдік, республикалық деңгейлі жарыстарда ел намысын қорғайды.

Айта кетелік, алдағы тамыз айының аяғына қарай  6 - жастан 9 жасқа дейінгі балаларды айтулы спорт түрлеріне қабылдау басталады

Айтулы жарыс Barys Arena Pool олимпиадалық бассейнінің базасында 27 сәуірге дейін жалғасады.