
Астанада сегізінші рет Jüregımnıñ Jeñımpazy («Жүрегімнің жеңімпазы») қайырымдылық жүгіру фестивалі өтті. Биыл іс-шараға 5 мыңнан астам адам қатысып, оның 4,5 мыңнан астамы жүгіру жолына шықты.
Биыл фестиваль алғаш рет ауқымды қалалық форматта ұйымдастырылды. Жүгіру жарыстарынан бөлек, іс-шара бағдарламасына концерттік бағдарлама, тегін медициналық тексерулер, танымдық және интерактивті алаңдар, сондай-ақ отбасылық белсенділіктер енгізілді.
Фестивальдің басты спорттық шарасы 1, 3 және 10 шақырымдық жүгіру жарыстары болды. Стартқа әртүрлі жастағы және дене дайындығы әр деңгейдегі қатысушылар шықты. Олардың қатарында кәсіби спортшылар мен әуесқойлар, 7 жастан асқан балалар, егде жастағы азаматтар, балаларын арбамен алып шыққан ата-аналар, сондай-ақ ересектердің сүйемелдеуімен ерекше қажеттіліктері бар жандар болды.
Фестивальге ағза трансплантациясынан өткен жандардың қатысуы ерекше мәнге ие болды. Мыңдаған елорда тұрғынымен бірге реципиенттер де жүгіру жолына шықты. Олардың қатысуы фестивальдің басты нышандарының біріне айналып, трансплантациядан кейін адамның белсенді әрі толыққанды өмірге қайта орала алатынын көрсетті.
Фестивальдің негізгі алаңдарының бірі ауқымды Check-up аймағы болды. Мұнда қатысушылар профилактикалық тексерулерден тегін өтіп, білікті мамандардан кеңес алды. Жалпы медициналық және профилактикалық алаңдарға 2 мыңға жуық рет жүгінген.
Іс-шараны Heart Center Foundation қоғамдық қоры UMC Жүрек орталығы, Астана қаласының әкімдігі және бас серіктес Kaspi Bank-тің қолдауымен ұйымдастырды.