
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның жаңа Конституциясының күшіне енуіне байланысты халыққа үндеу жасады.
«Құрметті отандастар!
Баршаңызды еліміздің Жаңа Конституциясының күшіне енуі сияқты шын мәніндегі тарихи маңызы зор оқиғамен шын жүректен құттықтаймын!
Бүгін егемен Қазақстан тарихындағы жаңа дәуір басталады. Біз тұрақты прогрестің, саяси және экономикалық реформалардың, ауқымды жаңғырудың даңғыл жолына қадам басып отырмыз.
Бұл күн саяси жүйенің түбегейлі жаңаруын, мемлекет пен азаматтық қоғамның негізгі институттарының трансформациялануын білдіреді.
15 наурызда өткен жалпыұлттық референдумда Қазақстан халқы мемлекетіміздің алдағы ондаған жылдардағы даму бағытын айқындаған тарихи таңдау жасады. Бұл шешім миллиондаған отандастарымыздың шынайы отансүйгіштігі мен жоғары азаматтық жауапкершілігінің жарқын көрінісі ретінде еліміздің тарихында мәңгі сақталады.
Конституция күні енді «Наурызнама» онкүндігінің басталуымен тұспа-тұс келуі ерекше символдық мәнге ие. Бұл айтулы күн көктемгі жаңарудың ғасырлар бойғы дәстүрлерін Жаңа Конституцияның негізгі қағидаттарымен – азаматтық ынтымаққа, озық білімге және Отан игілігі жолындағы адал еңбекке ұмтылыспен үйлестіреді.
Бүкілхалықтық Конституцияның берік құқықтық негізіне сүйене отырып, алдымызға қойған барлық мақсаттарға міндетті түрде жететінімізге және қоғамда Заң мен Тәртіп, Еңбекқорлық пен Прогресс, Тазалық пен Табиғатты аялау құндылықтарын орнықтыратынымызға кәміл сенемін.
Жалпыұлттық бірліктің мызғымас тұғырына топтаса отырып, біз әлемдік өркениеттің биік белестерін бағындырып, әрбір азаматқа тең мүмкіндік пен жан-жақты даму жолын ашатын Әділетті Қазақстанды құрамыз!
Еліміздің гүлденуіне бастайтын барлық жоспарларымыздың табысты жүзеге асатынына сенімдімін.
Жасасын Қазақстан Республикасы!
Жасасын халқымыз!» – делінген үндеуде.