Астанада алғаш рет эстетикалық топтық гимнастикадан Әлем кубогы мен Азия чемпионаты өтеді

Астанада алғаш рет эстетикалық топтық гимнастикадан Әлем кубогы мен Азия чемпионаты өтеді

13-14 маусым күндері Астанада эстетикалық топтық гимнастикадан Әлем кубогы мен Азия чемпионаты ұйымдастырылады. Халықаралық деңгейдегі айтулы дода Қазақстанда алғаш рет өткізілмек.

Жарыстар елордадағы «BEELINE ARENA» Ұлттық теннис орталығында өтеді. Турнирге Беларусь, Қырғызстан, Малайзия, Ресей, Сингапур, АҚШ, Финляндия, Эстония, Жапония және Қазақстаннан келген үздік командалар қатысады.

Ұйымдастырушылардың мәліметінше, жарысқа 40 команда мен 400-ден астам қатысушы жиналады. Олардың қатарында спортшылар, жаттықтырушылар, төрешілер және ресми делегация өкілдері бар.

Байрақты бәсеке аясында «сеньорлар» және «юниорлар» санаттары бойынша 6 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Ал салтанатты ашылу рәсімі 13 маусым күні сағат 12:00-де өтеді.

Мамандардың айтуынша, халықаралық турнирдің Қазақстанда алғаш рет ұйымдастырылуы – еліміздегі эстетикалық топтық гимнастиканың қарқынды дамып келе жатқанының айқын көрінісі. Сонымен қатар бұл отандық спорт мектебінің халықаралық деңгейдегі беделінің арта түскенін аңғартады.

 

Жарысты Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрлігі, Эстетикалық топтық гимнастиканың халықаралық федерациясы (IFAGG), Астана қаласының әкімдігі және Қазақстан эстетикалық топтық гимнастика федерациясы бірлесіп ұйымдастырып отыр.