Республикалық бәйге жарысының басталу уақыты өзгерді

Республикалық бәйге жарысының басталу уақыты өзгерді

7 маусым күні елорда маңындағы «Қазанат» атшабарында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күніне орай ұйымдастырылатын ауқымды республикалық бәйге жарысының басталу уақыты өзгерді.

Дүбірлі доданың салтанатты ашылуы 7 маусым күні кешкі сағат 17:00-де өтеді. Ашылу рәсімінен кейін бәйге жарыстары кезең-кезеңімен жалғасады.

Сарыарқаның сайын даласын дүбірге бөлейтін жарыста еліміздің түкпір-түкпірінен келген таңдаулы тұлпарлар мен тәжірибелі шабандоздар үш қашықтық бойынша бақ сынайды.

9 шақырымдық «Құнан» бәйге, 16 шақырымдық «Топ» бәйге және 25 шақырымдық «Аламан» бәйгелері бойынша оза шапқан жеңімпаздар мен жүлдегерлерге ақшалай сыйақылармен қатар 1 бөлмелі пәтер және екі бірдей «Changan» автокөлігі табысталады.

Мерекелік бәйге жарысына көрермендер үшін кіру тегін. «Қазанат» атшабарына LRT желісі арқылы, сондай-ақ №37, 42, 302, 303, 320, 323 және 501 қоғамдық көліктерімен жетуге болады.

Айта кетейік, республикалық бәйге жарысы Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен, Республикалық бәйге федерациясы, Ұлттық және олимпиадалық ат спорты түрлері федерациясы, «NAK» құрылыс компаниясы және қалалық спорт басқармасының ұйымдастыруымен өтеді.