Елордалық гимнаст қыздар эстетикалық топтық гимнастикадан Қазақстан чемпионатында төрт медаль жеңіп алды

Елордалық гимнаст қыздар эстетикалық топтық гимнастикадан Қазақстан чемпионатында төрт медаль жеңіп алды

Түркістан облысындағы Alma-Tau спорттық-сауықтыру кешенінде эстетикалық топтық гимнастикадан Қазақстан Республикасының чемпионаты өтті. Бұл жарыс маусымдағы басты ұлттық дода саналып, еліміздің үздік командаларын бір арнаға тоғыстырды.

Чемпионатқа Астана, Алматы, Шымкент қалаларынан, сондай-ақ Ақтөбе, Атырау және Шығыс Қазақстан облыстарынан 35 команда мен 290-ға жуық спортшы қатысты. Қатысушылар ұзын және аралас бағдарламалар бойынша үш жас санатында бақ сынады.

Жарыс күндері гимнаст қыздар жоғары техникалық шеберлік пен артистизмді, сондай-ақ командалық үйлесімділікті көрсетті. Қойылымдардың күрделілігі мен ерекше хореографиялық шешімдері тартысты бәсекеге жол ашты.

Төрешілер алқасына халықаралық санаттағы IFAGG International Judge М.М. Бектұрғанова жетекшілік етті.

Чемпионат қорытындысы бойынша елордалық гимнаст қыздар сәтті өнер көрсетіп, екі алтын, бір күміс және бір қола медаль иеленді.

Қазақстан чемпионаты 2026 жылғы 13–14 маусымда Астанада өтетін эстетикалық топтық гимнастикадан Азия чемпионатына дайындықтың маңызды кезеңіне айналды.

Бұл турнир спортшыларға өз мүмкіндіктерін дәлелдеуге мүмкіндік берсе, бапкерлерге дайындық деңгейін саралап, халықаралық аренадағы алдағы стратегияны айқындауға жол ашты.

Жарысты Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитеті мен «Қазақстан эстетикалық топтық гимнастика федерациясы» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды.