ВАСИЛИЙ ЛЕВИТ АЗИЯ ЧЕМПИОНАТЫНДА ТОП ЖАРҒАН ЕЛОРДАЛЫҚ БАЛУАНДАРДЫ ҚҰТТЫҚТАДЫ

ВАСИЛИЙ ЛЕВИТ АЗИЯ ЧЕМПИОНАТЫНДА ТОП ЖАРҒАН ЕЛОРДАЛЫҚ БАЛУАНДАРДЫ ҚҰТТЫҚТАДЫ

Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Василий Левит Вьетнамда өткен жастар арасындағы Азия чемпионатында жеңіс тұғырынан көрінген елордалық спортшылармен және олардың жеке жаттықтырушыларымен кездесті.

Кездесу барысында Василий Алексеевич спортшыларды халықаралық аренадағы табысты өнер көрсетулерімен құттықтап, чемпиондарды дайындауға қосқан үлесі үшін жаттықтырушыларға алғыс білдірді. Басқарма басшысы елордалық балуандардың жетістігі отандық спорт үшін маңызды нәтиже екенін әрі өскелең ұрпаққа үлгі болатынын атап өтті.

Жастар арасындағы Азия чемпионатында Астана спортшылары екі алтын медаль жеңіп алды. Атап айтқанда, Айбек Айтбеков грек-рим күресінен 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Азия чемпионы атанып, турнир финалында сенімді жеңіске жетті.

Ал еркін күрес шебері Ризабек Айтмұхан 125 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде чемпион атанып, жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді.

Сонымен қатар, Ризабек Айтмұхан халықаралық деңгейде де жоғары бағаланды. United World Wrestling (UWW) ұйымының нұсқасы бойынша қазақстандық спортшы мамыр айының үздік еркін күрес шебері атанды. Бұл атақ оған жастар арасындағы Азия чемпионатындағы жарқын жеңісінің нәтижесінде берілді.

Айта кетейік, Қазақстан құрамасы Азия чемпионатында табысты өнер көрсетіп, 7 алтын, 10 күміс және 5 қола медаль иеленді.