АСТАНАДА БІРЛІК КҮНІНЕ ОРАЙ СПОРТ ФЕСТИВАЛІ ӨТТІ

АСТАНАДА БІРЛІК КҮНІНЕ ОРАЙ СПОРТ ФЕСТИВАЛІ ӨТТІ

Астанада 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні және «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында ауқымды спорт фестивалі ұйымдастырылды. Іс-шара Триатлон паркінің жаңартылған жағалауында өтті.

Фестивальдің басты бағдарламасы – 5 шақырымдық бұқаралық жүгіру жарысы болды. Сонымен қатар қатысушылар үшін 2,5 шақырымдық скандинавиялық жүріс және балаларға арналған 400 метрлік жарыс ұйымдастырылды.

Таңсәріден Триатлон паркіне қала тұрғындары көптеп жиналды. Бұқаралық жүгіруге екі мыңнан астам адам тіркелген. Балалар мен жасөспірімдер де спорттық сайыстарға белсенді қатысты.

Фестивальдің ең ерекше қатысушыларының бірі – гуманоид робот болды. Ол көрермендердің назарын аударып қана қоймай, жарыс жолына шығып, қашықтықты олимпиада чемпионы Илья Ильинмен бірге жүгіріп өтті.

Спорттық бұқаралық іс-шараларды өткізу дирекциясы басшысының орынбасары Ержігіт Өсербайдың айтуынша, онлайн тіркеудің ашылуы тұрғындар тарапынан жоғары қызығушылықтың артуына байланысты қолға алынған.

– Бүгінгі шараға әртүрлі жастағы азаматтар қатысып жатыр. Балалар жарысына 6 жастан бастап қатысуда. Ал скандинавиялық жүріске 93 жастағы әжеміз арнайы Көкшетаудан келді. Отбасымен келгендер көп, тіпті тоғыз баласы бар отбасы да қатысып жатыр. Жалпы бұқаралық жүгіруге 2000-нан астам адам, скандинавиялық жүріске 200-ге жуық адам, балалар жарысына 250-ден астам бала тіркелді. Мұндай шаралар халықты біріктіреді, сондықтан алдағы уақытта да жалғасады, – деді ол.

Жарысқа қатысушылардың бірі Бекнұр Тәңірберген мұндай іс-шаралардың денсаулыққа пайдасы зор екенін айтты.

– Өзім кәсіби спортшы емеспін, бірақ марафондарға жиі қатысамын. Болашақта 10 және 21 шақырым қашықтықта бағымды сынап көргім келеді. Бүгін жарақатыма байланысты 2,5 шақырым жүгірдім. Бағдарламашы болып жұмыс істеймін, көбіне компьютер алдында отырамын. Сондықтан осындай спорттық шаралар өте қажет. Астана әкімдігіне алғыс айтамын, – деді ол.

Фестиваль аясында тұрғындарға арнап йога және street workout бағыттары бойынша ашық жаттығулар да өткізілді.

Шараны Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасы мен Алматы ауданы әкімдігі ұйымдастырды.