ВАСИЛИЙ ЛЕВИТ ТАЕКВОНДОДАН ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ АЙЫМ СЕРІКБАЕВАНЫ ҚАБЫЛДАДЫ

ВАСИЛИЙ ЛЕВИТ ТАЕКВОНДОДАН ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ АЙЫМ СЕРІКБАЕВАНЫ ҚАБЫЛДАДЫ

Астана қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Василий Левит Ташкент қаласында өткен таеквондодан әлем чемпионатында жарқын жеңіске қол жеткізген Айым Серікбаева мен жеке бапкері Еркебұлан Ермекалиевті қабылдады.

Кездесу барысында басқарма басшысы әлем чемпионы мен оның бапкерін тарихи жетістіктерімен құттықтап, Айымның халықаралық деңгейдегі жеңісі еліміздің спорт саласындағы беделін арттырғанын атап өтті. Сондай-ақ ол бапкердің шәкірт тәрбиелеудегі үлесі мен тынымсыз еңбегіне, кәсіби дайындығына ерекше ризашылығын білдірді.

«Елорда спорты тағы бір айтулы жеңіспен толықты. Сіздердің бұл жетістіктеріңіз ел спортының абыройын асқақтатып, отандық спорт тарихында жарқын із қалдырған маңызды белеске айналды», – деді Василий Левит.

Өзбекстан астанасы Ташкент қаласында өткен таеквондодан (WT) юниорлар арасындағы әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алған астаналық спортшы араға ұзақ жылдар салып, қазақ таеквондосының абыройын қайта жаңғыртты. Бұған дейін дәл осы жас санатында 2006 жылы әлем чемпионы атанған Жалғас Бекқасымов еді. Содан бері арада жиырма жылға жуық уақыт өткен соң, бұл жетістікті қайта жаңғырту бақыты Айым Серікбаеваға бұйырды. Сонымен қатар жарыс қорытындысы бойынша Айым «Үздік спортшы» атағына ие болды.

Кездесу барысында алдағы жарыстарға дайындық мәселелері мен оқу-жаттығу жиындарын өткізу жоспары талқыланып, жаттықтырушы мен спортшының ұсыныстары тыңдалды.

Жиын соңында Василий Левит спортшы мен оның жаттықтырушысына алғыс хаттар табыстап, алдағы жарыстарда жоғары нәтижелер көрсететініне сенім білдірді.