
Астана қаласының таеквондошысы Айым Серікбаева Ташкентте өткен таеквондодан жастар арасындағы әлем чемпионатында қыздар арасында «Үздік спортшы» атағын жеңіп алды.
44 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен спортшы 6 кездесу өткізіп, барлық қарсыластарын жеңіп, алтын медаль иеленді. Ол жарыс барысында жоғары деңгейдегі дайындық пен тұрақты нәтижесін көрсетіп, шешуші жекпе-жектерде басымдық танытты.
Бұл жеңіс Қазақстан таеквондо тарихы үшін маңызды жетістік болды. Ел құрамасы жастар арасындағы әлем чемпионатында соңғы рет алтын медальді 2006 жылы жеңіп алған еді. Осылайша, араға 20 жыл салып Қазақстан қоржынына қайтадан алтын жүлде түсті.
Айым Серікбаева бұған дейін де халықаралық аренада жетістікке жеткен. 2025 жылдың қазан айында Бахрейнде өткен Жазғы Жастар ойындарында ол «үздік спортшы» атанған болатын. Сондай-ақ, спортшы Азия чемпионы және жастар арасындағы Азия ойындарының жеңімпазы ретінде танымал.