Елордалық көркем гимнасшылар әлем кубогында күміс жүлде жеңіп алды

Елордалық көркем гимнасшылар әлем кубогында күміс жүлде жеңіп алды
 
Астаналық көркем гимнастика шеберлері Өзбекстан астанасы Ташкентте өткен әлем кубогының екінші кезеңінде сәтті өнер көрсетіп, елге күміс жүлдемен оралды.
 
Бүгін халықаралық әуежайда спортшыларды Астана қаласы әкімдігінің №1 Балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған олимпиадалық резерв спорт мектебінің ұжымы, ата-аналар мен жақындары зор қошеметпен қарсы алды.
 
Аға жаттықтырушы Меруерт Балгинбаева бұл жетістіктің маңыздылығына тоқталды:
— Бұл біз үшін үлкен жетістік. Қыздарымыз топтық жаттығуда күміс жүлде иеленді. Әрине, жаттықтырушы ретінде өте қуаныштымын. Алда бізді Азия чемпионаты, әлем чемпионаты және Азия ойындары күтіп тұр. Сол жарыстарға тыңғылықты дайындаламыз, — деді ол.
 
Төрт жылдық үзілістен кейін елордалық гимнасшылар топтық жаттығуда жүлделі орынға қайта оралды. Жасмин Жүнісбаева, Аида Хәкімжанова, Кристина Чепульская, Мадина Мырзабай, Айзере Кеңес және Айзере Нұрмағамбетова 51,25 ұпай жинап, күміс медаль еншіледі.
 
Жарыс қорытындысы бойынша:
•1-орын – Қытай (55.90 ұпай)
•2-орын – Қазақстан (51.25 ұпай)
•3-орын – Бейтарап спортшылар (51.10 ұпай)
 
Айта кетейік, бұған дейін 2022 жылы дәл осы Ташкент қаласында өткен әлем кубогында отандастарымыз топтық жаттығуда қола жүлде жеңіп алған болатын.