
Бүгін басқарма басшысы Василий Левит әлемдік аренада ел намысын абыроймен қорғап жүрген елордалық жас велошабандоз Мұрат Күйтеновті қабылдады.
Кездесу барысында басқарма басшысы спортшының Азия чемпионатындағы соңғы жетістіктеріне жоғары баға беріп, оның табандылығы мен кәсіби шеберлігін ерекше атап өтті.
Жуырда ғана Филиппиннің Тагайтай қаласында өткен тректегі велоспорттан Азия чемпионатында Мұрат Күйтенов жоғары нәтиже көрсетіп, күміс медаль иеленді. Ол юниорлар арасындағы омниум бағдарламасында сынға түсіп, құрлықтың үздік спортшыларының қатарынан көріне білді.
Айта кетерлігі, бұл — Мұраттың наурыз айындағы екінші ірі жетістігі. Ай басында Сауд Арабиясының Әл-Қасим қаласында өткен тасжол велоспорты бойынша Азия чемпионатында ол қарсыластарының барлығынан озып шығып, алтын медаль жеңіп алған болатын.
Қысқа уақыт ішінде екі бірдей құрлықтық додада биік нәтиже көрсеткен жас спортшы Астанамыздың спорт саласының зор әлеуетін тағы бір мәрте дәлелдеп отыр.
Кездесу соңында Василий Левит Мұрат Күйтеновқа алғыс білдіріп, алдағы жарыстарда сәттілік тілеп, оның жаңа биіктерді бағындыратынына сенім білдірді.