«Заң және тәртіп»: Елордада «Esil RUN» жазғы жүгіру маусымының ашылуы өтеді

«Заң және тәртіп»: Елордада «Esil RUN» жазғы жүгіру маусымының ашылуы өтеді

Елорда тұрғындары мен қонақтары «Заң және тәртіп» акциясы аясында ұйымдастырылатын «Esil RUN» жазғы жүгіру маусымының ашылуына шақырылады.

Іс-шара 2026 жылғы 11 сәуірде Ботаникалық саябақта (Орынбор көшесі жағынан) өтеді. Жарыстың жалпы қашықтығы – 4 шақырым.

Қатысушыларды тіркеу жарыс күні, яғни 11 сәуірде таңғы сағат 07:30-дан 09:00-ге дейін жүргізіледі. Жүгіру жарысының басталуы – сағат 09:00.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл – биылғы жүгіру маусымының алғашқы жарысы.

«Қатысу тегін. Қатысушылар саны 1500 адаммен шектеледі. Белгіленген лимитке жеткен жағдайда тіркеу алдын ала жабылады», – дейді спорттық-бұқаралық іс-шараларды өткізу дирекциясы басшысының орынбасары Ержігіт Өсербай.

Іс-шара соңында барлық қатысушыларға естелік медальдар табысталып, бағалы сыйлықтар ойнатылады.

Айта кетейік, «Esil RUN» жүгіруі Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен қалалық спорт басқармасы мен Есіл ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен өтеді.