БАЛАЛАР СПОРТЫН ЖАН БАСЫНА ШАҚҚАНДАҒЫ ҚАРЖЫЛАНДЫРУ ЖҮЙЕСІНІҢ АРТЫҚШЫЛЫҒЫ

БАЛАЛАР СПОРТЫН ЖАН БАСЫНА ШАҚҚАНДАҒЫ ҚАРЖЫЛАНДЫРУ ЖҮЙЕСІНІҢ АРТЫҚШЫЛЫҒЫ

Туризм және спорт министрлігі Мемлекет басшысының балалар спортын дамыту жөніндегі тапсырмаларын іске асыру аясында балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерін (БЖСМ) қаржыландыру жүйесін реформалауды бастады. Негізгі мақсат – көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру, олардың қолжетімділігін кеңейту және жүйенің ашықтығын қамтамасыз ету.

Бұған дейін БЖСМ-дерді қаржыландыру сметалық қағидат негізінде жүзеге асырылып келді. Орта есеппен бір спортшыға жылына шамамен 233 мың теңге бөлінгенімен, бұл тәсіл оқушылардың жеке қажеттіліктері мен нақты оқу-жаттығу жүктемесі толық ескерілмеген. Сондай-ақ жаттықтырушылардың еңбекақысы бәсекеге қабілетті деңгейде болмағандықтан, салаға білікті мамандарды тарту және оларды ұстап қалу мәселесі өзекті болып қалды.

2026 жылдан бастап жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру жүйесі енгізіледі. Бұл тәсіл бойынша қаражат әрбір балаға жеке бөлінеді. Бір спортшыға жұмсалатын ең төменгі шығын көлемі жылына 415 мың теңгеге дейін ұлғаяды. Сонымен қатар жаттықтырушы-оқытушылардың еңбекақысы біліктілік деңгейіне байланысты қосымша төлемдер есебінен 30%-ға дейін өседі. Мәселен, еңбек өтілі мен санаты жоқ жас жаттықтырушының айлығы 150 мың теңгеден 200 мың теңгеге дейін артады.

Саланы басқару тиімділігін арттыру мақсатында деректерді есепке алу және талдау үшін бірыңғай цифрлық платформа енгізіледі. Бұл шешім қаржыландыру үдерісінің ашықтығын қамтамасыз етіп, қабылданатын басқарушылық шешімдердің сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

Жаңа қаржыландыру жүйесіне барлық мемлекеттік БЖСМ көшеді. Қаржыландыру жергілікті бюджеттер есебінен және мемлекеттік тапсырыс тетігі арқылы жүзеге асырылады. Қабылданған шаралар жаттықтырушы мамандығының беделін арттыруға, бұқаралық және балалар спортын дамытуға, сондай-ақ елдің сапалы спорттық резервін қалыптастыруға бағытталған.