«PRESTIGE КУБОГЫ»: КАРИНА НАЙ ҮЗДІК ҮШТІКТІ ЕНДІ

«PRESTIGE КУБОГЫ»: КАРИНА НАЙ ҮЗДІК ҮШТІКТІ ЕНДІ

14 қыркүйекте Prestige Horse Club ат клубының аумағында балалар мен жасөспірімдер арасындағы конкур жарыстары мен ат шоуын қамтыған «Prestige кубогы» спорттық іс-шарасы өтті.

Жарысқа 12–16 жас аралығындағы жас шабандоздар қатысып, 110 см биіктіктегі кедергілермен белгіленген маршруттарды еңсеру бойынша бақ сынады. Айтулы додада «Көкпар Астана» клубының спортшысы Карина Най Примач атты тұлпарымен үздік үштіктің қатарынан көрініп, қола жүлдені иеленді.

Конкур жарыстары Халықаралық ат спорты федерациясының (FEI) ережелеріне сәйкес ұйымдастырылып, жүлде қоры 1 500 000 теңгені құрады.

Жеңімпаздарға медальдар, сертификаттар және ақшалай сыйлықтар табыс етілді. Сондай-ақ, 4–5 орын иегерлеріне сертификаттар мен ақшалай сыйақылар берілді.

Көрермендер үшін арнайы шоу-бағдарлама ұсынылды: жамбы ату сайысы, сирек тұқымды аттардың көрмесі және этно-музыкалық сүйемелдеу шараға қатысқан көпшілікке мерекелік көңіл-күй сыйлады.