Қазақстан Конституциясының қабылданғанына 30 жыл толуына орай Астанада жаппай велошеру ұйымдастырылды. Оған жүздеген қала тұрғындары мен қонақтары қатысты.
Жаттығудан кейін қатысушылар ұйымдастырушылардың бастауымен Қосшы бағытына қарай айналма веложолмен қозғалды.
Маршрут ұзындығы 25 шақырымды құрады: айналма веложолдан бастап Үркер шағын ауданындағы «Жасыл белдеу» саябағына дейін.
Жол бойы қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жедел жәрдем көлігі еріп жүрді.
«Мен үшін бұл жай ғана жарыс емес, нағыз мереке болды. Біз достарымызбен бірге жүрдік, жол бойы тамаша атмосфера мен айналамыздағы қолдауды сезіндік. Мұндай шаралар ерекше қуат береді», – деп өз әсерімен велошеру қатысушысы Аяжан Аймұқанова бөлісті.
Мәреде еріктілер қатысушыларға естелік медальдар табыстады. Сондай-ақ қатысушылар арасында 10 жаңа велосипед ойнатылды.
«Біз бұл шеруге қала тұрғындарының – мектеп оқушыларынан бастап мемлекеттік құрылым өкілдеріне дейін бас қосқанына қуанып отырмыз. Спорт адамдарды жақындастыра алады және бұл – Конституция мерейтойын атап өтудің ең жақсы тәсілі», – деп атап өтті Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасы.