АСТАНАДА ШАҢҒЫ РОЛЛЕРДЕН ҚАЛАЛЫҚ ІРІКТЕУ КЕЗЕҢІ БАСТАЛДЫ

АСТАНАДА ШАҢҒЫ РОЛЛЕРДЕН ҚАЛАЛЫҚ ІРІКТЕУ КЕЗЕҢІ БАСТАЛДЫ

АСТАНАДА ШАҢҒЫ РОЛЛЕРДЕН ҚАЛАЛЫҚ ІРІКТЕУ КЕЗЕҢІ БАСТАЛДЫ

Елордадағы Орталық саябақта қала күніне орай шаңғы роллерден Астана қаласының ішкі біріншілігі өтуде.

Дәстүрлі жарысқа 30-ға жуық спортшы қатысып, үш жас санаты бойынша өз шеберліктерін сынауда. Қатысушылар жас ерекшеліктеріне қарай 1, 2,5 және 5 шақырым қашықтықта бақ сынап, үздіктерді анықтайды.

№2 мамандандырылған балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектебінің аға бапкері Олег Нечитайлоның айтуынша, елордада шаңғы роллерін кең таралған спорт түріне жатқызу қиын.

— Себебі біз тек Орталық саябақ аумағында ғана жаттығуға мәжбүрміз. Мәселен, Ақмола немесе Шығыс Қазақстан облыстарында шаңғы және биатлонмен шұғылданушылар арнайы спорттық кешендерде дайындалады. Ал біздің қалада балалардың жаппай айналысуына мүмкіндік аз. Дегенмен биыл Орталық саябақтағы шаңғы базасы пайдалануға берілуі тиіс. Егер ол іске қосылса, жұмысымыз әлдеқайда жандана түсер еді. Ал бүгінгі турнирде спортшылар кросс, еркін және классикалық стильдер бойынша сынға түсіп жатыр. Жеңімпаздар шілде айының соңында Павлодарда өтетін Қазақстан чемпионатына жолдама алады, — деді ол.

Айта кетейік, шаңғы роллер — қысқы маусымға дайындықтың маңызды бөлігі. Бұл спорт түрінің секциясына балаларды 9 жастан бастап қабылдайды, іріктеу әр жылдың тамыз айында жүргізіледі.

Жарысқа қатысушылардың бірі, спорт шеберлігіне үміткер Абзал Бурханов бұл спортты қалай таңдағанын да атап өтті:

— Қазақстанда көптеген оқушылар танымал бокс, футбол үйірмелеріне барады. Бірақ ол маған аса қызық болмады. Өзгеше болғым келіп, 4-сыныпта шаңғы спортына бет бұрдым. Бірден ұнап кетті. Өзімдікін тапқандай болдым. Соның арқасында жасөспірімдер арасында Қазақстан чемпионы атандым. Жетістікке жету үшін тұрақты дайындық пен жақсы бапкердің жол сілтеуі аса маңызды. Әзірше бәрі ойдағыдай, — дейді жас спортшы.

Айта кету керек, Астанада өтіп жатқан шаңғы роллер жарысы ертең мәресіне жетеді.