ЕЛОРДАДА ЗЕЙНЕТКЕРЛЕР АРАСЫНДА ШАХМАТТАН ТУРНИР ӨТІП ЖАТЫР

ЕЛОРДАДА ЗЕЙНЕТКЕРЛЕР АРАСЫНДА ШАХМАТТАН ТУРНИР ӨТІП ЖАТЫР

ЕЛОРДАДА ЗЕЙНЕТКЕРЛЕР АРАСЫНДА ШАХМАТТАН ТУРНИР ӨТІП ЖАТЫР

Елордада зейнеткерлер арасында шахматтан турнир басталды. Жаңадан ашылған «Сарайшық» ауданында зейнеткерлер шахматтан рапид сайысы бойынша сынға түсті.

Қала күніне орай ұйымдастырылып жатқан шахмат бәсекесінде 20-ға жуық зейнеткер швейцариялық жүйе бойынша жеңімпаздарды анықтайды.

«Астанадағы әр ауданда «Белсенді өмір сүру орталығы» бар. Жоспарға сәйкес, әр спорт түрлерінен тұрақты түрде жарыстарды ұйымдастырамыз. Зейнеттегі кісілер бір емес, бірнеше спортты да қатар алып, біршама жетістіктерге жетіп жатады. Бүгін шахматты таңдадық. Орталықтың мүшелері Республикалық деңгейдегі «Senate Open» турнирінің финалдық кезеңіне дейін жетіп жатады. Сондықтан бас жүлдеге деген талас өте жоғары. Бұдан бөлек, велошеру, жүгіру, скандинавиялық жүріс және т.б спорттарды да ұйымдастырамыз. Жалпы Астана тұрғындары салауатты өмір салтын қатты ұстанады», - деді Астана қаласы әкімдігінің Спорттық-бұқаралық іс-шараларды өткізу дирекциясының басшысының орынбасары Ержігіт Өсербай.

Турнирдің мақсаты – ардагерлер арасында салауатты өмір салтын насихаттап және зияткерлік спорт түрлеріне деген қызығушылықты арттыру.

«81 жастамын. Әйтсе де 2013 жылдан бері «Ақсақалдар кеңесін» құруына атсалысып, шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ жарыстарын мүлдем қалдырмай, белсенді түрде қатысып келемін. Тек қатысушы ретінде ғана емес, ұйымдастырушылардың арасында да жүремін. Зейнеткерлерге назарын аударатын, ұдайы көңіл бөлетін қала әкімшілігіне рақметімді айтамын», - деп жарыс қатысушысы Мажит Бекежанов ойымен бөлісті.

Ойын қорытындысы бойынша, жеңімпаздарға арнайы сыйлықтар табысталып, алғыс хатпен марапатталды.