АСТАНАДА ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЙОГА КҮНІ ЖАППАЙ ЖАТТЫҒУ ӨТТІ
Астанада Халықаралық йога күніне орай ниет білдірушілер үшін ашық жаттығу өтті. Іс-шара Ботаникалық бақта ұйымдастырылды.
Жаттығуға таңертең аталмыш жаттығу түрін ұнататындар жиналды, олардың кейбірі балаларымен, отбасымен келген.
Іс-шараны Астанадағы Үндістан елшілігі жанындағы Свами Вивекананда атындағы Үнді мәдени орталығы мен Yoga Family Astana ұйымы Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырды.
Бағдарламаға Үндістаннан келген тәжірибелі жаттықтырушылармен сабақтар енгізілді. Қатысушыларға сыйлықтар мен сертификаттар табысталды.
Қонақтарды Үндістанның Қазақстандағы елшісі Нагендра Прасад құттықтады.
«Сіздерді Халықаралық йога күнімен шын жүректен құттықтаймын! Соңғы онжылдықта йога бүкіл әлемге таралып, дене мен жанды үйлестіретін жаһандық қозғалысқа айналды. Ол денсаулықты жақсартудың тиімді әдісі ретінде насихатталуда. Йога – бұл жай ғана дене жаттығуы емес, ол ішкі тыныштыққа, төзімділікке үйретеді және қоршаған ортамен, табиғатпен үйлесімді өмір сүруге баулиды. Бүкіл әлемде йогаға деген қызығушылық, ынта мен кеңінен танылу байқалады. Үндістанның бастамасы көптеген адамдарға денсаулығына қатысты түрлі мәселелерді еңсеріп, өмірін жарқын етуге мүмкіндік бергеніне қуаныштымыз», – деді елші.
Астана қаласы әкімдігі атынан жиналғандарды елордалық спорттық-бұқаралық іс-шараларды өткізу дирекциясы басшысының орынбасары Ержігіт Өсербай құттықтады.
--