БАСҚАРМА БАСШЫСЫ КҮРЕС ТҮРЛЕРІНЕН АСТАНАЛЫҚ АҒА БАПКЕРЛЕРДІ ҚАБЫЛДАДЫ
Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Василий Левит күрес түрлерінен Қазақстан Республикасының Кубогында үздік нәтиже көрсеткен елордалық балуандардың бапкерлерімен кездесті.
Қабылдау барысында әйелдер күресінің бапкері Асхат Абдрашев, грек-рим күресінің аға жаттықтырушысы Мейрамбек Мусаев пен Берік Асубаевқа алғыс хаттар табысталды. Басқарма басшысы балуандардың жетістігін бапкерлердің кәсібилігі мен табанды еңбегінің нәтижесі екенін атап өтті.
— «Астана балуандарының жеңісі — сіздердің тынымсыз еңбектеріңіздің, жеңіске деген жігер мен кәсіби шеберліктің жемісі. Бұл – елордалық спорттың даму жолындағы маңызды қадам», — деді В. Левит.
Айта кетейік, бір апта бойы Астанада өткен ел біріншілігіне еліміздің 20 өңірінен 900-ден астам спортшы қатысты.