Елорда әкімінің тапсырмасы бойынша бүгін Астана қаласының 2035 жылға дейінгі Бас жоспарының жобасы бойынша қорытынды қоғамдық талқылау өткізілді. Бас жоспар жобасының тұсаукесерін «Астана қаласының Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы» ММ басшысы Жаңбыршы Алмас Мәлікұлы таныстырды. Ал «Астана бас жоспары» ҒЗЖИ» ЖШС директорының орынбасары Әбдірахманов Серік Қайырбекұлы Астана қаласының 2035 жылға дейінгі бас жоспары жобасының сәулет және қала құрылысы аспектілері, әлеуметтік және көліктік инфрақұрылымды дамыту туралы айтты.
Сонымен қатар «Астана бас жоспары» ҒЗЖИ» ЖШС директорының орынбасары Еркебұлан Рахманұлы Астана қаласының 2035 жылға дейінгі бас жоспары жобасының инженерлік инфрақұрылымы жайында мәлімет берді.
Ал Бас жоспардағы елорданың қоғамдық кеңістігін дамыту және көгалдандыру схемасы туралы қалалық Урбанистика орталығының жетекшісі Елнар Базыкен баяндама жасады.
Өткен жылдың қараша айында 1000-нан астам адам қатысқан осы жоба бойынша алдын ала қоғамдық талқылаулар өткізілгені белгілі. Барлық ескертулер мен ұсыныстар хаттамаға енгізілді, белгілі бір жұмыс жүргізілді.
Ал биыл, 16 тамызда жаңа ҚР Экологиялық кодексінің 58-бабына сәйкес бас жоспар жобасының қоғамдық тыңдаулары өтті. Аталған тыңдаулардың хаттамасы белгіленген тәртіппен экопорталда жарияланды.
Халықты кеңінен қамту мақсатында Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары мен «Астана бас жоспары» ғылыми-жобалау жоспарлау институты елорданың жаңа бас жоспарының жобасын қоғамдық талқылауға салды.
21-24 тамыз аралығында Астана бас жоспары жобалау институтының алаңында және елорда аудандарының барлық әкімдіктерінде өткен қоғамдық талқылауға 961 адам қатысты.
23 тамызда елорданың қоғамдық кеңесінің отырысы өтті. Онда Астана қаласының 2035 жылға дейінгі бас жоспарының жобасы мақұлданып, бірқатар ұсыныстар берілді.
Қорытынды талқылау барысында қойылған сауалдар сумен жабдықтаудың қосымша көздеріне, газдандыруға, гүлзарларға, өнер галереясының құрылысына, тарихи ескерткіштерді сақтауға қатысты болды.
Жеке сипаттағы сұрақтар да болды. Мысалы, белгілі бір үйді бұзуға немесе белгілі бір тұрғын үй кешеніндегі кәріз құбырларын ауыстыруға байланысты. Жалпы алғанда осынау қоғамдық талқылауға 2 мыңға жуық тұрғын қатысқан.
Қалай дегенмен, бас қала – қалыпты даму жолында. Талқылау барысында бірқатар қоғам белсенділері, білікті мамандар атап өткендей, бас жоспардың әлі де болса жетілдіретін, қайта қарайтын тұстары да жоқ емес. Жауапты, лауазымды тұлғалар бұл мәселелер жіті назарға алынып, зерттеліп, тиісті қорытындылар шығарылады деп мәлімдеді.
Қазіргі уақытта бас жоспар жобасы келісу сатысында тұр.