
Делегация құрамында Ұлыбритания, Нидерланд Корольдігі, АҚШ және Ресей Федерациясының өкілдері бар.
Іскерлік сапардың басты мақсаты – сәулет және қала құрылысы саласында кәсіби байланыс орнату, сондай-ақ екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту перспективаларын талқылау болды.
Делегация құрамына ZHA (ZAHA HADID ARCHITECTS), CROSSWORKS, A FOR ARCHITECTURE, HARRY DOBBS DESIGN, COEN & PARTNERS, DROM, SALUT, FOSTER & PARTNERS, BARKER LANGHAM, ARUP секілді жетекші халықаралық сәулет және жобалау компанияларының өкілдері кірді.
Бас жоспармен таныстыруды Бас жоспардың мамандандырылған шеберханасының басшысы Мәулет Әлібаев шағын Целиноград қаласының Қазақстан астанасына айналу тарихынан бастады. Сонымен қатар Мәулет Әлібаев белігілі жапон сәулетшісі Кисе Куракава әзірлеген алғашқы бас жоспар туралы ақпарат берді. Ол осы аталған құжат қаланың одан әрі дамуының негізі болғанын атап өтті.
Жетекші халықаралық сәулет және жобалау компанияларының өкілдері қаланың қалыптасуы мен дамуының түрлі кезеңдеріндегі демографиялық өзгерістерге байланысты қабылданған қала құрылысы шешімдері туралы ақпаратты ерекше ықыласпен тыңдады.
Іс-шара соңында делегация өкілдері өздерін қызықтырған сұрақтарын қойды. Мәулет Әлібаев еуропалық елдердің демографиялық және географиялық ерекшеліктерін салыстыра отырып, Астананың даму үрдістеріне қатысты жан-жақты жауаптар берді.
Тараптар тәжірибе алмасуға және екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға қызығушылық танытты.