
Ортақ үлестік меншікте орналасқан жер учаскесін бөлу мүмкін емес. Осы және өзге де мәселелер Басқарма басшысы Алтынбек Ахметов өткізген азаматтарды жеке қабылдауда қаралды.
Қабылдау барысында Астана қаласының Бас жоспарына сәйкес егжей-тегжейлі жоспарлау жобасын (ЕТЖЖ) түзету мәселесі қаралды. ЕТЖЖ-ны түзету жекелеген жер учаскелерге емес, алаңы кемінде 10 гектар аумаққа қатысты жүзеге асырылады және белгілі бір уақытты талап етеді.
Сонымен қатар, қала тұрғындары Басқарма басшысына инвестициялық жобаларды іске асыруға қолдау көрсету өтініштерімен жүгінді. Өз кезегінде Алтынбек Жанатұлы Басқарма өз құзыреті шегінде қаланы дамытуға қажетті жобаларды іске асыру үшін жер учаскелерін бөлу мәселесін қарастыра алатынын атап өтті. Бұл ретте әрбір инвестициялық жоба тиісті келісу кезеңдерінен өткеннен кейін жүзеге асырылатын болады.
Сондай-ақ ортақ үлестік меншікте орналасқан жер учаскесін заңдастыру мәселесі көтерілді. Басқарма басшысы мұндай жер учаскесін сегменттеудің мүмкін еместігін түсіндірді. Сонымен қатар, бір жер учаскесінде тек бір тұрғын үй орналасуы мүмкін. Қолданыстағы объект болған жағдайда, оны негізгі тұрғын үйге жапсарлас құрылыс ретінде рәсімдеуге болады. Бұл ретте жапсарлас құрылысқа қосалқы литера беріледі, ал мұндай белгімен көрсетілген объект үшін жеке жер учаскесі бөлінбейді.
Жылжымайтын мүлік объектісіне литера беру – жер учаскесінде орналасқан әрбір жеке ғимаратқа, құрылысқа немесе құрылысжайға техникалық есепке алу мақсатында әріптік немесе әріптік-цифрлық белгі беру рәсімі. Бұл құжаттарда негізгі үйді, жапсарлас құрылыстарды және шаруашылық құрылыстарды нақты ажырату үшін қажет.
Басқарма басшысының қабылдауына алдын ала 55-69-57 телефоны арқылы жұмыс күндері сағат 16:00-ге дейін жазылуға болады. Қабылдау әр бейсенбі күні сағат 14:00-де өткізіледі.