Көрнекті сәулетші Тохтар Ералыұлы Ералиев дүниеден өтті

Көрнекті сәулетші Тохтар Ералыұлы Ералиев дүниеден өтті

Астана қаласының сәулет қауымы, достары, әріптестері, «Астана бас жоспары» ҒЗЖИ» ЖШС ұжымы, Астана қаласының Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы» ММ, Қазақстан Сәулетшілер одағы, «Қазақстан Қала құрылысышылары одағының Астаналық филиалы» ҚБ 2026 жылғы 30 шілдеде 81 жасында Қазақстанның көрнекті сәулетшісі, белгілі мемлекет қайраткері, білікті басшы, ұстаз, тәлімгер, жоғары мәдениетті тұлға, бүкіл ғұмырын сәулет, қала құрылысы және еліміздің дамуына арнаған Тохтар Ералыұлы Ералиевтің дүниеден өткенін терең қайғырып хабарлайды.

Тохтар Ералыұлы Ералиев 1946 жылғы 13 маусымда Қазақ КСР Оңтүстік Қазақстан облысы Арыс ауданының (қазіргі Ордабасы ауданы) Ермоловка ауылында дүниеге келген.

1970 жылы Қазақ мемлекеттік политехникалық институтының сәулет факультетін бітіргеннен кейін кәсіби еңбек жолын «Казгорстройпроект» институтында бастап, сәулетшіден шеберхананың бас сәулетшісіне дейінгі жолдан өтті. 1973 жылдан бастап КСРО және Қазақстан Сәулетшілер одағының мүшесі болды. 1988–1989 және 1991–1992 жылдары Қазақстан Сәулетшілер одағын басқарды.

1989–1991 жылдары КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты болды.

Әр жылдары жауапты мемлекеттік және кәсіби қызметтер атқарды: «Үркер» ЖШС-нің бас сәулетшісі, Алматы қаласы Сәулет және құрылыс департаментінің «Алматыгоргосэкспертиза» басқармасының бастығы, «Алматыгорэкспертиза проектов» орталығының басшысы, «KAZGOR» Жобалау академиясының бірінші вице-президенті әрі бас сәулетшісі қызметтерін атқарды.

Оның өмірбаянында 1997–1998 жылдардағы кезеңнің орны ерекше. Осы жылдары Тохтар Ералыұлы Қазақстанның жаңа астанасы – Астана қаласының тұңғыш бас сәулетшісі болды. Дәл осы тарихи кезеңде оның тікелей басшылығымен және белсенді қатысуымен алғашқы қала құрылысы шешімдері, бас жоспар және жаңа астананың қалыптасуы мен дамуына негіз болған бірінші кезектегі қала құрылысы құжаттамасы әзірленді. Кәсіби шеберлігі, стратегиялық ойлау қабілеті мен ұйымдастырушылық дарынының арқасында Астананың одан әрі дамуының негіздері қаланып, оның сәулеттік және кеңістіктік дамуының негізгі бағыттары қалыптасты.

Тохтар Ералыұлы Алматы, Астана және Қазақстанның басқа да қалаларындағы көптеген қоғамдық және қала құрылысы нысандарын жобалауға және жүзеге асыруға тікелей қатысты. Олардың көпшілігі бүгінде өз қалаларының танымал нышандарына айналды.

Қазақстан Республикасының сәулеті мен қала құрылысының дамуына қосқан елеулі үлесі үшін ол жоғары мемлекеттік және кәсіби наградалармен марапатталды: «Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген сәулетшісі» атағы (1980), «Астана» медалі (1998), «Парасат» ордені (2006), III дәрежелі «Барыс» ордені (2011), «Қазақстан Республикасының Құрметті сәулетшісі» төсбелгісі (2005). 2021 жылы оған «Алматы қаласының Құрметті азаматы» атағы берілді.

Тохтар Ералыұлы Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясының профессоры, Халықаралық сәулет академиясының (МААМ), Шығыс елдері Халықаралық сәулет академиясының, Қазақстан Республикасы Ұлттық инженерлік академиясының академигі болды.

Оған ауқымды мемлекеттік ойлау, айрықша кәсіби білім мен эрудиция, принципшілдік, зиялылық және жоғары адамгершілік мәдениет тән еді. Ол сәулетшілер, қала құрылысы мамандары мен мемлекет қайраткерлері арасында зор беделге ие болды. Бірнеше буын жас мамандарын тәрбиелеп, өзінің мол тәжірибесі мен білімін жомарттықпен бөлісті, әрдайым әріптестері мен шәкірттеріне қолдау көрсетті.

Тохтар Ералыұлы Ералиевтің есімі тәуелсіз Қазақстанның сәулет тарихына және қазіргі елордамыздың қалыптасу шежіресіне мәңгілікке жазылды. Оның идеялары, еңбектері мен жобалары қалаларымыздың келбетінде жалғасын тауып, ал өзі қалыптастырған кәсіби мектеп отандық сәулет пен қала құрылысының дамуына әлі талай жылдар бойы қызмет ететіні сөзсіз.

Астана қаласының әкімдігі, Астана қаласының Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы» ММ, «Астана бас жоспары» ҒЗЖИ» ЖШС ұжымдары, «Қазақстан Қала құрылысшылары одағының Астаналық филиалы» ҚБ, елорданың сәулет қауымы Тохтар Ералыұлы Ералиевтің туған-туыстары мен жақындарына қайғыларына ортақтасып, көңіл айтады.

Біздің жадымызда Тохтар Ералыұлы әрдайым жарқын жүзді, парасатты, зиялы және ерекше мейірімді адам болып қалады. Ол нәзік әзіл-қалжың сезімімен, өмірге деген оптимистік көзқарасымен және адамдарға шабыт бере білетін сирек қасиетімен ерекшеленді. Ол сүйікті жар, қамқор әке мен ата, отбасының сенімді тірегі, адал дос әрі сәулетшілердің талай буынына жол көрсеткен нағыз тәлімгер болды.

Тохтар Ералыұлы Ералиев туралы жарқын естелік оның туған-туыстарының, достарының, әріптестерінің, шәкірттерінің және осы бір көрнекті тұлғаны білу және онымен бірге еңбек ету бақыты бұйырған барша жанның жүрегінде мәңгі сақталады.

Жатқан жері жайлы, топырағы торқа, иманы жолдас болсын.

Рухы пейіште шалқысын.

 

Тохтар Ералыұлының жарқын бейнесі мәңгі жадымызда.