
Бүгін Астана қаласының Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы Алтынбек Ахметов мәслихат отырысында елорданың Бас жоспарға сәйкес даму жағдайы бойынша баяндады.
Басқарма басшысы Бас жоспар инженерлік желілерді, көлік инфрақұрылымын және әлеуметтік нысандарды бір мезгілде дамытуды көздей отырып, аумақтарды кешенді түрде салуды қарастыратынын атап өтті.
Тұрғындардың ұсыныстары мен ескертулерін есепке алу мақсатында 2024 жылдан бері Әкімдік пен құрылыс компанияларының қатысуымен жалпы 311 қоғамдық талқылау өткізілді. Мұндай іс-шаралар тығыз құрылыс салудың алдын алуға бағытталған. Ал бірыңғай қала құрылысы сараптамасы шеңберінде тек 9 нысанның егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы бойынша оң қорытынды берілді. Бұл факті жобалық құжаттамаға деген жоғары талапты және сараптаманың мұқият жүргізілетінін көрсетеді.
Кешенді тексеру егжей-тегжейлі жүргізіледі, бұл қала құрылысы жоспарлау кезеңінде ҚР заңнамасын бұзудың ықтимал жағдайларын анықтауға және олардың алдын алуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ жобалардың белгіленген нормалар мен стандарттарға сәйкестігін қамтамасыз етеді.
Сонымен қатар 2024 жылдан бері бастапқы рұқсат құжаттары мен эскиздік жобаларды келісу мемлекеттік қала құрылысы кадастры жүйесінде электрондық форматта жүзеге асырылатыны да айтылды.
Қазіргі уақытта өзгертулер мен толықтырулар енгізілген Астана қаласының Бас жоспары Қазақстан Республикасының Үкіметі келісу үшін мемлекеттік органдар интернет-порталына жүктелді.