
Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының магистранттары «Астана бас жоспары» ғылыми-зерттеу жобалау институтына келді.
Бұл іс-шара «Өңірлік экономика және кеңістіктік даму» пәні бойынша сапарлы дәріс аясында ұйымдастырылып, халық санының артуын ескере отырып елорданың қала инфрақұрылымын дамыту тәжірибесін зерделеуге бағытталды.
Бас жоспардың мамандандырылған шеберханасының басшысы Маулет Әлібаев студенттерді қала құрылысының бас құжатымен таныстырды. Ол елорданың қалыптасу тарихы туралы айтып, жапон сәулетшісі Кисе Курокава әзірлеген алғашқы бас жоспардың қандай қағидаттарға негізделгенін түсіндірді.
Институттың бас маманы-сәулетшісі Гүлдана Әбіш қонақтарға Астана Бас жоспары бойынша таныстырылым ұсынып, көгалдандыру және абаттандыру бағытында сәтті жүзеге асырылған жобалар туралы ақпарат берді.
Кездесу барысында магистранттар белсенді түрде сұрақтар қойып, ал еліміздің басқа өңірлерінен келген қатысушылар өз қалаларының құрылыстық даму саясатын елордалық тәжірибемен салыстырды.