Қоғамдық кеңес отырысы

Қоғамдық кеңес отырысы

«Астана бас жоспары» ҒЗЖИ» ЖШС-де Астана қаласының 2035 жылға дейінгі Бас жоспарына өзгерістер мен түзетулер енгізу мәселелері бойынша Қоғамдық кеңестің отырысы өтті.

Іс-шараға Қоғамдық кеңес мүшелері мен жергілікті атқарушы органдардың өкілдері қатысты.

Басқарма басшысы Алтынбек Ахметов Бас жоспарға қандай факторлардың негізінде түзетулер енгізілгенін және олардың қажеттілігі немен байланысты екенін атап өтті. Оның айтуынша, негізгі себептер: инвестициялық жобаларды тарту, көлік және әлеуметтік инфрақұрылымды жақсарту, сондай-ақ қолайлы қалалық орта қалыптастыру.

Бүгінде Бас жоспарды түзету жобасы барлық уәкілетті мемлекеттік органдармен келісілген: 21 орталық мемлекеттік орган және жергілікті атқарушы органдардың 37 ұйымы мақұлдаған. Сонымен қатар, барлық қажетті қоғамдық талқылаулар мен СЭБ бойынша қоғамдық тыңдаулар, сондай-ақ кешенді қала құрылысы сараптамасы өткізілді.

«Астана бас жоспары» ҒЗЖИ» ЖШС бас директоры Руслан Жақыпов Бас жоспарға енгізілген түзетулер туралы ақпарат ұсынып, әр бағыт бойынша егжей-тегжейлі баяндады. Ол Бас жоспардың үш негізгі көрсеткіші өзгеріссіз қалғанын атап өтті: есептік кезең – 2035 жылға дейін, қала халқының болжамды саны – 2 275,0 мың адам және Астана қаласының жалпы аумағы – 79 733 га.

Бас жоспарды түзету жобасы аясында түрлі бағыттар бойынша шамамен 300 инвестициялық жоба ұсынылды, олардың 130-на түзетулер енгізілді.

Әлеуметтік инфрақұрылым бөлігінде 2035 жылға дейін Жобада 178 жаңа жалпы білім беретін мектеп салу көзделген, бұл бекітілген Бас жоспармен салыстырғанда 83 мектепке артық. Сондай-ақ 274 балабақша, 89 денсаулық сақтау нысаны және 61 спорт нысанын салу жоспарланған. Бұдан бөлек, жалпы аумағы 300 гектардан асатын жаңа қалалық және аудандық саябақтар құру қарастырылған. Ал көше-жол желісінің жалпы ұзындығы 2,7 мың км-ді құрайтын болады.

Қоғамдық кеңес мүшелері өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, оларға Басқарма басшысы мен «Астана бас жоспары» бас директорынан жан-жақты жауаптар алды.

Кеңес қатысушылары жобаны бірауыздан мақұлдады. Әрі қарай ол елорда мәслихатының депутаттарына ұсынылып, кейін ҚР Үкіметі бекіту үшін мемлекеттік органның интернет-порталына орналастырылады.