
Іскерлік сапардың мақсаты – қаланың Бас жоспарымен, қала құрылысын дамыту тәсілдерімен және жүзеге асырылып жатқан жобалармен танысу.
Делегация құрамына Краков қаласынан 30-ға жуық тұрғын үй, коммерциялық және қоғамдық жылжымайтын мүлік жобаларын жүзеге асыратын девелоперлік компаниялардың өкілдері, сондай-ақ сәулет және қала құрылысы саласының мамандары кірді.
Кездесуге «Астана бас жоспары» ҒЗЖИ және Қазақстан құрылысшылар одағының мамандары қатысты. Модератор ретінде Қазақстан құрылысшылар одағының президенті Ақан Бақытжан сөз сөйледі.
Институттың бас маманы-сәулетшісі Гүлдана Әбіш қонақтарға Астана Бас жоспары бойынша таныстырылым ұсынып, көгалдандыру және абаттандыру бағытында сәтті жүзеге асырылған жобалар туралы ақпарат берді.
Сонымен қатар «SBDiM» компаниясының директоры Люцына Плонка мен «Grupa Arkada» компаниясының президенті Петр Легерскиға ұлттық нақыштағы қамзолдар табысталды, делегация өкілдері мұндай сый-құрмет үшін үлкен алғыстарын білдірді.
Кездесу еркін форматта жалғасып, тараптар екіжақты ақпарат алмасты.
Шетелдік әріптестер Институт мамандарына жылы қабылдау үшін ризашылықтарын білдіріп, алдағы уақытта тәжірибе алмасуға және екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға қызығушылық танытты.