
«Астана бас жоспары» ҒЗЖИ-да сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат және қоғамда адалдық қағидаттарын қалыптастыру мәселелері бойынша семинар өтті. Оған Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Астана қаласы бойынша департаменті басшысының орынбасары Бауыржан Балғабеков жетекшілік етті.
Іс-шараға Департамент, Астана қаласының Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы және оған бағынысты «Астана бас жоспары» ҒЗЖИ мен Урбанистика орталығының мамандары қатысты. Басқарманың бөлім басшысы – Гүлжан Тұрсұмбаева модератор болды.
Кездесу барысында қызметкерлерге Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шаралары және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтары үшін жауапкершілік қарастырылған заңнамалық актілерінің негізгі ережелері түсіндірілді.
Сондай-ақ цифрландыру мәселелері және сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендетуге ықпал ететін маңызды факторлардың бірі ретінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу тетіктері талқыланды.
Сонымен қатар, семинарда Астана қаласы әкімдігінің Әдеп жөніндегі уәкілі Ғалымжан Амантай қатысып, мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдебі, оның ішінде қызметкерлердің сыртқы келбетіне қойылатын талаптар мен жұмыстан тыс уақыттағы мінез-құлық нормалары туралы жан-жақты баяндады. Себебі бұл аспектілер қоғамдық пікір мен мемлекеттік қызмет беделінің қалыптасуына тікелей әсер етеді.
Іс-шара барысында сыбайлас жемқорлық әрекеттерінің салдары туралы бейнеролик көрсетілді. Қатысушылар мемлекеттік қызметте кездесетін мәселелер туралы өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, пікір алмасты.
Семинар соңында Институттың бас маманы – сәулетші Гүлдана Әбіш қонақтарды бас жоспармен таныстырып, елорданың даму жолдары туралы ақпарат берді.