
Басқарма басшысы Алтынбек Ахметов апта сайынғы азаматтарды қабылдау өткізді.
Қабылдау барысында бірнеше мәселелер қаралды. Олардың бірі – жер учаскесін жеке меншікке сатып алу.
Бұл мемлекеттік қызметті көрсету мерзімі – 5 жұмыс күні.
Қажетті құжаттар: Жер учаскесі актінің көшірмесі. Жер учаскесін жалдау шартының көшірмесі.
Сондай-ақ жасалған жер учаскесін сатып алу шартын бұзып, кейін оны жалдау мәселесіне қатысты түсіндірме берілді. Бұл қызметті алу үшін шартты бұзу себебін көрсете отырып, өтініш беру керек. Бөлім басшысы Айгүл Жакупованың айтуынша, келісімшарт бұзылған жағдайда бұған дейін төленген ақша қаражаты қайтарылмайды. Сондай-ақ, төлем сомасының 0,1%-ы мөлшерінде әрбір кешіктірілген ай үшін өсімпұл есептеледі. Бұл ретте есептелген өсімпұлды төлеп, келісімшарт талаптарын орындауды одан әрі жалғастыруға не болмаса міндеттемелерді орындамағаны үшін есептелген айыппұлды өтеп, келісімшартты бұзуға болады.
Қарастырылған келесі сұрақ жер учаскесінің нысаналы мақсатын тұрғын емес үй-жайдан мектепке өзгерту болды. Басқарма басшысы спорттық, білім беру және өзге де объектілерді орналастыруға қатысты құрылыс нормалары мен ережелері бар екенін жеткізді. Нысаналы мақсатын өзгертуден бөлек, жер учаскесінің ауданы мектеп салу талаптарына сай келуі керек.
Одан басқа, Басқарма басшысы Алтынбек Ахметов жер учаскесін сегменттеу тәртібін түсіндірді. Тұрғындар екі көпқабатты тұрғын үй орналасқан жер учаскесін екіге бөлу өтінішімен жүгінді. Яғни, әрқайсысы өз кондоминиумын құру мақсатында жеке жер учаскесін алуды көздейді. Жер учаскесін сегменттеу үшін алдымен учаскені бөлу мүмкіндігін анықтау мақсатында өтініш беру қажет. Оң шешім қабылданған жағдайда өтініш берушілер жер орналастыру жобаларын әзірлеуі тиіс. Осыдан кейін Басқарма ұсынылған құжаттарды қарастырып, тиісті шешім шығарады.
Еске саламыз, Басқарма басшысы азаматтарды әр бейсенбі күні сағат 14:00-де қабылдайды.
Қабылдауға жұмыс күндері сағат 16:00-ге дейін 55-69-57 телефоны арқылы жазылуға болады.