2026 жылдың наурыз айында Сарайшық ауданында ЖАҢА САУДА ҮЙІ АШЫЛМАҚ

2026 жылдың наурыз айында Сарайшық ауданында ЖАҢА САУДА ҮЙІ АШЫЛМАҚ

А. Байтұрсынұлы мен М. Тынышбайұлы көшелерінің қиылысында бой көтеріп жатқан «Jibek joly» сауда-ойын-сауық орталығы – ауданымыздың дамуына тың серпін беретін маңызды жобалардың бірі.

Құрылысы 2024 жылдың ІІІ тоқсанында басталған, жалпы аумағы 16 347 м² болатын 5 қабатты бұл нысан көктемде пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Жоба – тұрғындардың сұранысына сай, заманауи әрі көпфункционалды қоғамдық кеңістік қалыптастыруға бағытталған.

Сарайшық ауданындағы алғашқы кинотеатр дәл осы орталықта ашылады. Әрқайсысы 100 орындық 4 зал бір мезетте 400 көрерменді қабылдай алады. Бұл – аудан тұрғындары үшін сапалы мәдени демалысқа қолжетімділікті арттыратын маңызды қадам.

Орталықта мейрамханалар мен кофеханалар, фудкорт аймағы, супермаркет, дәріхана, сұлулық салоны, химиялық тазалау, балалар мен ересектерге арналған дүкендер жұмыс істейді. Ал шамамен 4 000 м² құрайтын балалар және жасөспірімдерге арналған ойын аумағы отбасылық демалыстың жаңа орталығына айналмақ.

Ерекше қажеттілігі бар азаматтарға қолайлы жағдай жасау – басты назарда. Нысанда пандустар мен жеделсатылар қарастырылған, сондай-ақ ыңғайлы автотұрақ болады.

Бұл жоба – аудан инфрақұрылымын дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған нақты қадам.