«Астана бас жоспары» ғылыми-зерттеу жобалау институтына Жамбыл облысынан делегация келді.

«Астана бас жоспары» ғылыми-зерттеу жобалау институтына Жамбыл облысынан делегация келді.

Кездесудің басты мақсаты – қаланың дамуы мен урбанистика саласындағы тәжірибені зерделеу.

Делегация құрамында Жамбыл облысының бас сәулетшісі, Жамбыл облысы Сәулет басқармасының басшысы Әлібек Аманбай, «Сәулеттік бюро» КММ директоры Сұлтанбек Бауыржан, Тараз қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің бас маманы Аспандияр Жанәділов, Тараз қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі басшысының орынбасары Жарқынбек Шогалов және осы бөлімнің бас маманы Фархад Балажанов болды.

Жамбылдық қонақтар алдымен Урбанистика орталығының жұмысымен танысты. Мамандар көгалдандыру, саябақтар құру, дизайн-код, сондай-ақ қала дамуының өзекті бағыты болып табылатын цифрландыру бойынша осы уақытқа дейін жүзеге асырылған жобаларды таныстырды.

Кездесу «Астана бас жоспары» ғимаратында жалғасын тапты. Мұнда Мамандандырылған бас жоспар шеберханасының басшысы Мәулет Әлібаев пен бас маман Гүлдана Әшім жамбылдық әріптестеріне елорданың негізгі қала құрылысы құжатын таныстырды.

Мамандардың айтуынша, бас жоспарды әзірлеуге әр әкімшілік орталықтың ерекшелігі әсер етеді. Астана қаласының бас жоспарын дайындауға 3,5 жыл жұмсалса, өзге қала құрылысы құжаттары 1,5–2 жыл көлемінде әзірленеді.

Сондай-ақ, қонақтарды әлеуметтік нысандардың орналасу тәртібі ерекше қызықтырды. Мәулет Әлібаевтың айтуынша, әр мектеп 500 метр радиустағы тұрғындарды қамтыса, балабақша үшін бұл көрсеткіш 300 метрді құрайды. Бұдан бөлек, тараздық әріптестер көлік жүйесі мен бас жоспардағы жол инфрақұрылымын жоспарлау талаптары жөнінде де ақпарат алды.

Қонақтардың айтуынша, елорданың даму үрдісін өзге қалалармен салыстыру қиын болғанымен, Астана мамандарының тәжірибесі – үлкен мектеп.

Осындай кездесулердің тәжірибелік маңыздылығын атап өткен Тараздық әріптестер «Астана бас жоспары» ұжымына алғыстарын білдірді.