
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Бибігүл Жексенбай және Астана қаласы мәслихатының депутаты Сәуле Самидин жұмыс сапарымен «Астана бас жоспары» ҒЗЖИ-на келді.
Кездесудің негізгі мақсаты – елорданың дамуы жолында бірлескен әрі тиімді жұмыстың өзекті мәселелерін талқылау болды.
Іс-шара Институттың бас директоры Руслан Жақыповтың қонақтарды Астананың негізгі қала құрылысы құжатымен таныстыруынан басталды. Ол бас жоспардың мақсаттары, негізгі бағыттары мен жоспарлау тетіктері туралы баяндады. Сонымен қатар алдағы жылдары елордада құрылысы жоспарланған жаңа нысандар және қаланы одан әрі дамыту бағыттары жөнінде ақпарат ұсынылды. Көлік инфрақұрылымын дамыту жоспарларына да ерекше назар аударылды.
Елорда макетімен танысқаннан кейін кездесу конференц-залда жалғасты.
Руслан Жақыпов Институттың презентациясын ұсынып, оның құрылу мақсаттары, құрылымы және қызметінің негізгі функционалдық бағыттары туралы айтып өтті.
Соңғы жылдары елордада абаттандыру мен көгалдандыру жұмыстары белсенді түрде жүзеге асырылуда. «Астана бас жоспары» ҒЗЖИ Урбанистика орталығының қызметі, іске асырылған маңызды жобалар мен алдағы жоспарлар туралы орталық басшысы Данияр Чиндалиев баяндады.
Презентациядан кейін сұрақ-жауап сессиясы өтті. Депутаттар сумен жабдықтау, жол инфрақұрылымын дамыту және автотұрақ кеңістіктерін ұйымдастыру мәселелерін көтерді. Аталған сұрақтар бойынша Институт бас директорының орынбасары Азамат Хамитұлы Астана қаласының Бас жоспарына сәйкес ақпарат берді. Сонымен қатар өзекті мәселелердің бірі – құрылыс сапасын бақылауды күшейту қажеттілігіне ерекше назар аударылды.
Кездесу қорытындысы бойынша депутаттар Институттың жұмысын жоғары бағалады. Соңғы жылдары Астананың айтарлықтай көркейіп, одан әрі әсем әрі қолайлы қалаға айналып келе жатқанын алға тартты.