Астана қаласының сәулет қауымдастығы, әріптестері мен достары, «Астана бас жоспары» ҒЗЖИ» ЖШС және «Астана қаласының Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы» ММ терең күйзеліспен 2025 жылғы 21 қазанда, 41 жасқа қараған шағында, «Астана бас жоспары» ҒЗЖИ» ЖШС Бас директорының орынбасары Есов Асет Ермекұлының ауыр сырқаттан қайтыс болғанын хабарлайды.
Асет Ермекұлы Есов 1984 жылғы 8 желтоқсанда Ақмола облысы, Қорғалжын ауылында дүниеге келген. Қысқа ғана ғұмырында зор еңбек сіңіріп, айтарлықтай жетістіктерге жетті.
2000 жылы «Әділет» жоғары құқық мектебі – Құқықтану академиясы колледжіне «Құқықтану» мамандығы бойынша оқуға түсіп, оны тәмамдаған соң, 2003–2006 жылдары Қазақ гуманитарлық-заң университетінде білімін жалғастырып, «Құқықтану» мамандығын алды. 2016 жылы Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінде құқық магистрі академиялық дәрежесін иеленді.
2007 жылы жоғары оқу орнын тәмамдағаннан кейін еңбек жолын құқықтық қамтамасыз ету және мемлекеттік сатып алу бөлімінің заңгері ретінде бастады.
2008 жылдан бастап Астана қаласы Әділет департаментінде сарапшы, жетекші маман, кейін құқықтық және экономикалық қамтамасыз ету бөлімінің басшысы қызметтерін атқарды.
2015–2018 жылдары «Астана қала құрылысы мониторингі» ЖШС және «Астанагорархитектура» ЖШС директорының орынбасары лауазымдарында жұмыс істеді. 2018 жылдың қазан айынан 2021 жылға дейін «Perspicere» жобалау-зерттеу компаниясын басқарды. 2021–2022 жылдары «Астана қаласы №2 көпбейінді қалалық ауруханасы» ШЖҚ МКК әкімшілік-шаруашылық қамтамасыз ету жөніндегі директордың орынбасары қызметін атқарды.
2022 жылдан өмірінің соңына дейін «Астана бас жоспары» ҒЗЖИ» ЖШС Бас директорының орынбасары лауазымында абыроймен еңбек етті.
Асет Ермекұлы 2011 жылдан бастап Астана қаласының сәулет және қала құрылысы жүйесінде қызмет атқарып, елорданың құрылыс саласындағы нормативтік-техникалық құжаттарды әзірлеуге, қала құрылысы жобалары мен сәулеттік дамуына құқықтық қолдау көрсетуге белсенді атсалысты.
Әріптестері оны жоғары білімді, жауапты, еңбекқор, кәсіби әрі мақсатқа ұмтылған маман ретінде білді. Қиын сәттерде ымыралы шешім қабылдап, ұжымның тұрақты жұмысын қамтамасыз етті. Өз ісіне адал, кәсіби дамуға ұмтылған, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары, әріптестері арасында зор беделге ие болды. Достары мен таныстары оны үлгі тұтты.
Асет Ермекұлы отбасына адал, ата-анасына үлкен құрметпен қарап, балаларына сүйіспеншілікпен қамқор болған үлгілі әке еді. Төрт ұлын мейіріммен тәрбиеледі.
Осындай әрдайым жарқын жүзді, парасатты, мейірімді, ұжымға қамқор, отбасына сүйеніш болған тұлға ретінде есімізде мәңгі сақталады.
Астана қаласы әкімдігі, Астана қаласының Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы мен «Астана бас жоспары» ҒЗЖИ» ЖШС ұжымдары
Асет Ермекұлы Есовтың туған-туыстарына және жақындарына қайғырып көңіл айтады.
Ол – асыл жар, қамқор әке, абыройлы ұл, сыйлы әріптес еді.
Асет Ермекұлының жарқын бейнесі мәңгі жүрегімізде.
Қайғырамыз. Естен шығармаймыз.
Жаны жәннатта болсын!