Астана қаласының сәулет қауымдастығы, достары мен әріптестері, «Астана бас жоспары» ҒЗЖИ» ЖШС ұжымы, Астана қаласының Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы, «Қазақстан қала құрылысшылар одағы» ҚБ Астаналық филиалы 2025 жылғы 8 қазанда Баир Фарденұлы Досмагамбетовтың өмірден озғанын терең күйзеліспен хабарлайды. Ол – мемлекет және қоғам қайраткері, көрнекті сәулетші, талантты басшы және кең жүректі жан еді.
Баир Фарденұлы 1954 жылғы 29 мамырда Семей облысының Бақты ауылында шекарашы офицердің отбасында дүниеге келген. Өмірін сүйікті ісі – сәулет өнеріне арнады.
Мәскеу сәулет институтын бітірген соң, 1978-1988 жылдары «Казгорстройпроект» жобалау институтында қатардағы сәулетшіден бастап шеберхана меңгерушісіне дейінгі еңбек жолынан өтті.
1988 - 1991 жылдары – Қазақ КСР Құрылыс істері жөніндегі мемлекеттік комитетінің Бас сәулет және қала құрылысы басқармасының бастығы.
1991-1993 жылдары – Қазақстан Республикасының Сәулет және құрылыс жөніндегі мемлекеттік комитеті төрағасының бірінші орынбасары.
1993 - 1994 жылдары – ҚР Құрылыс, тұрғын үй және аумақтарды дамыту министрінің бірінші орынбасары.
1994-1995 жылдары – ҚР Төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комитеті төрағасының орынбасары.
Баир Фарденұлы ел астанасын Алматыдан Ақмолаға көшіру ісіне зор үлес қосты. 1995 жылы ҚР Мемлекеттік комиссиясы төрағасының орынбасары, кейін бірінші орынбасары – Мемкомиссия аппаратының басшысы болып тағайындалып, 1998 жылға дейін осы қызметті атқарды.
1998-2000 жылдары – Астана қаласының Бас сәулетшісі, Астана қаласы Сәулет және қала құрылысы департаментінің директоры. Оның жетекшілігімен елорданың Бас жоспарының ең үздік тұжырымдамасына арналған халықаралық сәулеттік байқау ұйымдастырылды.
Баир Фарденұлы ел алдындағы еңбегі үшін көптеген марапаттарға ие болды:
– «Ерен еңбегі үшін» медалі (2001 ж.);
– «Құрмет» ордені (2007 ж.);
– мемлекеттік мерекелерге арналған мерейтойлық медальдар.
2008 жылы «Дөңгелек алаң» сәлеттік кешені үшін Қазақстан Республикасының әдебиет пен өнер саласындағы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды.
Баир Фарденұлы кең ауқымды мемлекеттік көзқарасқа, ұйымдастырушылық қабілетке және жоғары беделге ие тұлға болды. Дәл осы қасиеттерінің арқасында ол ҚР Президентін «Астана бас жоспары» жобалау институтын құрудың маңыздылығына сендіре алды. Бұл мекемені ол 2000 жылдың қазан айынан бастап 2015 жылдың наурызына дейін басқарып, зейнеткерлікке шықты.
Ол кез келген сәулет-қала құрылысы идеясын нақты, түсінікті түрде жеткізе алатын ерекше қабілетке ие болды. Жобалау үдерісін кәсіби деңгейде ұйымдастырып, оған шығармашылық сипат берді. Баир Фарденұлы көптеген шәкірт тәрбиелеп, сәулет пен қала құрылысы саласында үлкен беделге ие болды.
Оның тікелей қатысуымен Астана қаласының Бас жоспары және оның түзетулері, елорданы дамыту мен қала маңы аймағын жоспарлауға қажетті қала құрылысы құжаттары әзірленді. Сонымен қатар елорданың ажарын ашып, келбетін қалыптастырған көптеген сәулеттік байқаулар мен жобалар жүзеге асырылды.
Баир Фарденұлының есімі Қазақстан сәулет өнері тарихында, жас Астананың қалыптасу тарихында мәңгілікке жазылды. Оның кәсіби біліктілігі, даналығы мен ісіне адалдығы елорда дамуына баға жетпес үлес қосты.
Астана қаласының әкімдігі, Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы, «Астана бас жоспары» ұжымы және сәулет қауымдастығы Баир Фарденұлы Досмагамбетовтың туған-туыстары мен жақындарына шын жүректен көңіл айтады.
Баир Фарденұлы біздің жадымызда әрдайым жарқын бейнесімен сақталады. Ол – ізгі ниетті, парасатты, ақылды, ерекше әзіл-қалжыңы бар, сындарлы ойлайтын, әріптестерін қолдап, бағыт бере білген жан. Үлгілі жар, мықты тірек, отбасына сүйеніш болған ардақты әке еді.
Баир Фарденұлының жарқын бейнесі әріптестерінің, шәкірттерінің және бірге қызмет еткен барша жандардың жүрегінде мәңгі сақталады.
Қайғыра көңіл айтамыз.
Есімін мәңгі есімізде сақтаймыз.