Басқарма басшысы жеке қабылдау өткізді

Басқарма басшысы жеке қабылдау өткізді

Астана қаласының Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы Алтынбек Ахметов азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.

Қабылдау барысында көтерілген сұрақтардың бірі – жер учаскесінің жалға алу құқығын сатып алу. Бұл мемлекеттік қызмет аясында жер иеленуші 5 жылға жалға алу кезінде жер телімінің кадастрлық құнының 10 %-ын төлеуі тиіс. Сондай-ақ, барлық қажетті құжаттарды рәсімдеген соң ғана жаңа иеленушіге жерді жалға алу құқығы беріледі. Алтынбек Ахметов өтініш берген уақытта жер учаскесін жалға алу мерзімі өтпеуі керектігін ескертті.

Сонымен қатар, тұрғындар мемлекеттен тегін жер беру мәселесімен де жүгінді. Жеке меншікке 10 сотық жер беру үшін аумақ инженерлік желілермен, кәріз жүйесімен, сумен, әлеуметтік нысандармен және т.б. қамтамасыз етілуі қажет. Қазіргі уақытта мұндай талаптарға сай келетін жер учаскелері елордада жоқ, сондықтан тізімде тұрған азаматтарға тегін жер беру әзірге мүмкін емес.

Алтынбек Жанатұлы, сонымен қатар, Басқарманың тек Астана қаласы аумағына қатысты сұрақтарды қарауға құзырлы екенін атап өтті. Жақын маңдағы елді мекендерге қатысты жер телімдерін бөлу мәселесі басқарманың құзыретіне жатпайды.

Тағы бір қаралған мәселе – тұрғын үйлерді сүру. Астана қаласының бас жоспары 2035 жылға дейін есептелген, сондықтан елорданың ескі аудандарындағы сүру жұмыстары инвесторлардың қызығушылығына байланысты жүргізіледі. Егер жаңа құрылыс салуға ұсыныстар түссе, инвесторлар алдымен сол аумақтағы үйлерді сатып алып, содан кейін ғана құрылысқа кірісуі тиіс екенін түсіндірді.