Қоғамдық талқылау өтті

Қоғамдық талқылау өтті

Сарыарқа ауданындағы Гете көшесінде «Теміржол машиналарын жөндеу және автожабдықтарды сақтау» нысанын салу мақсатында егжей-тегжейлі жоспарлау жобасын әзірлеуге қатысты қоғамдық талқылау өтті.

Бұл – өнеркәсіптік аймақ, онда қазіргі уақытта қоймалар және басқа да өндірістік нысандар орналасқан. Аталмыш жобаға арналған жер телімінің ауданы – 10 гектарды құрайды. Өтініш беруші ұйым өкілінің айтуынша, мұнда көліктердің қатынауы үшін ыңғайлы кіреберіс жол және автотұрақ қарастырылған.

Қатысушылар жауапты өкілдерге құрылысқа қатысты сұрақтарын қойды. Жобаны жүзеге асыруға 500 миллион теңгеге жуық инвестиция құйылып, ол келесі жылы аяқталады деп жоспарлануда. Сондай-ақ құрылыс салушылар нысанның қаңқасы темірден жасалып, қабырғалары сэндвич-панельдерден тұрғызылатынын атап өтті.

Өндірістік нысан болғандықтан, 25-тен астам адамды жұмыспен қамту көзделіп отыр.

Қоғамдық талқылаудың алдын ала қорытындысы бойынша, жоба қатысушылар тарапынан қолдау тапты.

Қорытынды хаттама екі жұмыс күні ішінде Басқарманың ресми сайтында жарияланып, өткізілген іс - шара туралы толық ақпаратпен танысуға болады.