Ақмола облысының Қосшы қаласында 2050 жылға дейінгі Астана агломерациясының қала құрылыстық дамуының кешенді сызбасын талқылау бойынша дөңгелек үстел өтті.
Іс-шараға Қосшы қаласының әкімі А.Е. Қапышев, жергілікті мәслихат депутаттары, әкімдік аппарат бөлімдерінің басшылары, ірі кәсіпорындардың өкілдері, сондай-ақ облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау, құрылыс, сәулет және қала құрылысы, кәсіпкерлік және өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және жер қатынастары, туризм басқармаларының басшылары мен мамандары қатысты.
Қатысушылар Астананың агломерация аймағының әлеуметтік-экономикалық және аумақтық даму мәселелерін, инвестиция аймақтарын, сондай-ақ Қосшы қаласының, Аршалы, Целиноград және Шортанды аудандарының қоныстануы мен аумақтық дамуының ерекшеліктерін талқылады.
Жобаны әзірлеушілер – «Астана бас жоспары» ҒЗЖИ» ЖШС, «Қазгипроград» ЖШС және «Урбостиль» ЖШС жобалық материалдар көрмесін ұсынып, қатысушыларды негізгі ұсыныстармен таныстырды.
Қосшы қаласы үшін айтарлық мәселелердің бірі – халық саны есебінің нақты еместігі, себебі ресми түрде 58 мың тұрғын болса, ұялы байланыс операторларының деректері бойынша абоненттер саны 100 мыңға жетеді. Ал бұл өз кезегінде әлеуметтік нысандарды, сондай-ақ көлік және инженерлік инфрақұрылымды салуды жоспарлауда қиындықтар туғызады.
Барлық айтылған ұсыныстар мен ескертпелер жобаға түзетулер енгізу кезінде ескерілетін болады.