Түркістан қаласының әкімдігіне қарасты «Сәулет және қала құрылысы бөлімі» мен қалалық урбанистика орталығының мамандары елордаға арнайы келді.
Іссапардың негізгі мақсаты – урбанистика мен қалалық дизайн саласындағы озық тәжірибелерді зерделеу, елордада жүзеге асып жатқан жаңа әдістер мен инновациялық шешімдермен танысу. Урбанистика саласында креативті әрі заманауи шешімдер ұсынылған Астанада өткен республикалық семинар осындай кездесуге себеп болды.
Сапар барысында «Астана бас жоспары» ғылыми-зерттеу жобалау институтының мамандары алдымен әріптестеріне Астананың Бас жоспарын жан-жақты таныстыра отырып, қаланың даму перспективаларын, жаңа тұрғын аудандардың инфрақұрылымын дамытуға қатысты ақпарат берді. Одан кейін қонақтар қаланы аралап, жыл басынан бері іске асырылған абаттандыру, көгалдандыру, қоғамдық кеңістіктерді жаңғырту жұмыстарын көзбен көріп, олардың ерекшеліктері мен қолданылған тәсілдері туралы толық мағлұмат алды.
Сонымен қатар, тәжірибе алмасу аясында Астана қаласының Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасына бағынысты «Астана-жарнама» КММ қызметкерлері жарнама және сыртқы ақпарат құралдарын орналастыру ережелері мен стандарттарын таныстырды. Олар жарнамалық конструкцияларды орналастыру, қаланың эстетикалық келбетін сақтау, визуалды ластануға жол бермеу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы кеңінен баяндап, алдағы жоспарларымен бөлісті.
Осындай кәсіби байланыстар мен тәжірибе алмасу өңірлік мамандардың біліктілігін арттыруға, сонымен қатар қала құрылысы саласындағы ортақ стандарттарды қалыптастыруға оң әсерін тигізетіні сөзсіз. Тараптар алдағы уақытта да әріптестік байланыстарды нығайтуға мүдделі екенін білдіріп, мұндай іс-шаралардың тұрақты түрде өткізіліп тұруының маңызын атап өтті.