Астана қаласының Бас жоспары: қоғамдық талқылаулар
2025 жылғы 22 шілдеде Астана қаласының 2035 жылға дейінгі Бас жоспарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша қоғамдық талқылаулар өтті.
Іс-шара туралы хабарландыру 2025 жылғы 1 шілдеде «Вечерняя Астана», «Астана ақшамы» газеттерінде, сондай-ақ, «Хабар», «24KZ» телеарналарында және Басқарманың ресми сайты мен әлеуметтік желілерінде жарияланды.
Қоғамдық талқылаулар бір апта бойы өткізілді. Яғни, 14–18 шілде аралығында қала тұрғындары Астана қаласының Бас жоспарына енгізілген өзгерістер мен толықтырулармен танысу мүмкіндігіне ие болды. Ғылыми-зерттеу жобалау институтының мамандары жаңартылған жоспарды залдарда көрнекі түрде таныстырып, күн сайын келген азаматтардың сұрақтарына жауап берді.
Осылайша, көрмені 14 шілдеде – 4 адам, 15 шілдеде – 30, 16 шілдеде – 631, 17 шілдеде – 56, 18 шілдеде – 67 адам тамашалады. Апта ішінде жалпы 788 адам келді.
Сонымен қатар, қала тұрғындары Бас жоспарға қатысты өз жазбаша өтініштері мен ұсыныстарын қалдыра алатын арнайы жәшіктер орнатылды.
22 шілдеде негізгі қоғамдық тыңдау өткізілді.
Қоғамдық тыңдауға бір апта бойы келушілердің көп болуын ескере отырып, негізгі іс-шараға арнайы жабдықталған бірнеше зал дайындалды.
Бұл алаңдарда жаңартылған Бас жоспар жобалары орналастырылып, баяндамашыларды тікелей бақылау үшін арнайы экрандар орнатылды.
Жобалық материалдар қойылған стендтердің жанында ғылыми-зерттеу жобалау институтының архитектор, инженер, эколог және экономист мамандары тұрғындардың сұрақтарына жауап беріп, түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Сонымен қатар, шараға қатыса алмаған азаматтар үшін қоғамдық талқылау Басқарманың ресми Facebook парақшасында тікелей эфирде көрсетілді.
Қала тұрғындары таңертең сағат 9:00-ден жинала бастады, ал сағат 10:00-де ресми тіркеу рәсімі өтті.
Жобаның таныстырылымы регламентке сәйкес сағат 11:00-де басталды. Үш спикер өз салалары бойынша баяндама жасады:
Хамитов Азамат Бейбітұлы – «Астана Бас жоспары» ҒЗЖИ» ЖШС бас директорының орынбасары: Елорданың Бас жоспарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу жобасының негізгі ережелері туралы баяндады: сәулет және қала құрылысы аспектілері, әлеуметтік инфрақұрылым, инженерлік инфрақұрылым бөлімі туралы,
Сәдуов Марат Темірболатұлы – «Астана Бас жоспары» ҒЗЖИ» ЖШС бас директорының орынбасары: Астана қаласының көлік инфрақұрылымын дамыту бағыты бойынша,
Шыңдалиев Данияр Бахытбекұлы – «Астана Бас жоспары» ҒЗЖИ» ЖШС Урбанистика орталығының жетекшісі: Елорданың Бас жоспарын дамыту аясында қоғамдық кеңістіктер мен көгалдандыруды жетілдіру мәселелері туралы айтты.
Қатысушылар спикерлерге өздерін мазалаған сұрақтарын қойды. Көпшілігін тұрғылықты жерлеріндегі құрылыс мәселелері толғандырды. Барлық сұрақтарға Жобаны әзірлеген жобалау институтының құзыреті аясында жауап берілді. Қоғамдық тыңдаулардың күн тәртібіне тікелей қатысы жоқ сұрақтар құзыретті мемлекеттік органдарға жолданатын болады.
Іс-шараға жалпы 1325 адам тіркелді және Бас жоспарға түзетулер енгізу бойынша 2500-ге жуық сұрақ пен ұсыныс түсті. Бұл ретте 14–18 шілде аралығында өткен көрмеге келген қала тұрғындарының көпшілігі 22 шілде күні таныстырылымға қатыспай-ақ, тек тіркеліп, дауыс бергендері байқалды. Бұл белгіленген Ережеге қарсы емес.
Дауыс беру қағаздары салынған арнайы жәшіктер қатысушылардың көзінше ашылып, саналынды:
965 – ҚОЛДАЙМЫН
206 – ҚАРСЫМЫН
23 – БЕЙТАРАППЫН.
Қоғамдық талқылаудың нақты қорытындылары іс-шара өткізілгеннен кейін екі жұмыс күні ішінде шығады. Арнайы хаттама толтырылып, ол Басқарманың сайтында жарияланады.
Бұл – осыған дейін өткізілген осындай іс-шаралардың ішіндегі халықтың ең көп жиналғаны. Астананың болашағына бейжай қарамай, белсенді қатысып, Бас жоспардың нәтижесіне өз үлесін қосқан барлық азаматқа алғыс білдіреміз!