Астанада Бас жоспар талқыланды: басымдық — экологияға, инвестициялық жобаларға, әлеуметтік нысандар мен көлікке берілді.

Астанада Бас жоспар талқыланды: басымдық — экологияға, инвестициялық жобаларға, әлеуметтік нысандар мен көлікке берілді.

Астанада Бас жоспар талқыланды: басымдық — экологияға, инвестициялық жобаларға, әлеуметтік нысандар мен көлікке берілді.

Астанада елорданың 2035 жылға дейінгі Бас жоспарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша қоғамдық талқылаулар өтті. Қатысушыларға ыңғайлы болу үшін екі зал мен екі холл ұйымдастырылды. Барлық қатысушылар жобамен толық танысып, мамандарға қойған сұрақтарына жауаптар алды. Сонымен қатар, іс-шара Астана қаласының Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының Facebook-тегі ресми парақшасында тікелей эфирде көрсетілді.

Бас жоспар жобасын әзірлеу барысында қала тұрғындарының тілектері ескерілді, әсіресе абаттандыру, скверлер, қоғамдық кеңістіктер мен әлеуметтік нысандар құрылысына қатысты ұсыныстар назарға алынды.

Бас жоспарды түзету қажеттілігі әлеуметтік-экономикалық жағдайлардың өзгеруімен, қалалық ортаның қарқынды дамуымен, халық санының өсуімен және заманауи инфрақұрылымға деген сұраныстың артуымен байланысты.

Алдын ала қорытындылар бойынша қоғамдық тыңдауға 1325 қатысушы тіркеліп, олардың басым бөлігі жобаны қолдаған. Дауыс берудің соңғы нәтижелері екі жұмыс күні ішінде жарияланады.

Бас жоспарда инвестициялық тартымдылықты арттыруға, сондай-ақ заманауи және қолжетімді әлеуметтік пен көлік инфрақұрылымын дамытуға баса назар аударылған. Жоба аясында энергетика, ауыл шаруашылығы, медицина, туризм және IT салаларында логистикалық хабтардан бастап жоғары технологиялық кәсіпорындарға дейін 125-тен астам инвестициялық бастама жүзеге асырылады. Бұл шамамен 15 мың жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.

Негізгі бағыттардың бірі — заманауи әрі қолжетімді әлеуметтік инфрақұрылым қалыптастыру. 2035 жылға дейін Астанада 138 жаңа мектеп, 190 жеке балабақша және 17 оқушылар сарайын салу көзделіп отыр.

Аталған мерзімге дейін 231 шақырым жылдам жүрдек қоғамдық көлік маршруттарын іске қосу, жылжымалы құрамның сыйымдылығын 265 мың орынға дейін арттыру және қоғамдық көлікті пайдаланатын жолаушылар үлесін 71%-ға дейін жеткізу жоспарланған.

Сондай-ақ Астанада 750 жаңа аула және қоғамдық кеңістік пайда болады. Олардың қатарында «Мыңжылдық» желілік паркі мен «Green Line» жаяу жүргіншілер бульвары бар.

 

Жобаға сәйкес, қалада бір тұрғынға шаққандағы көгалдандырылған аумақ көлемі 19 м²-ге дейін ұлғаяды (2023 жылы — 14 м²). Бұл мақсатқа жету үшін көгалдандырылған аумақтың жалпы көлемі 2615 гектарға дейін артуы тиіс. 2023 жылдың соңында бұл көрсеткіш 2003,4 гектарды құраған.

Сонымен қатар, жобада нөсер суларын ағызу жүйесін жақсарту мәселесі де қарастырылған: 2035 жылға дейін жеті тазарту құрылысы мен коллектор салу көзделген. Бұл ливневка жүйесінің тиімділігін айтарлықтай арттырады.