Астана күніне арналған ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қорының ұйымдастыруымен «Тәуелсіздік келбеті» іс-шаралар кешенінің ашылуы өтті.
Мерекелік кеш еліміздің тәуелсіздік жылдарындағы басты оқиғалар мен тұлғалардың рөлін баяндайтын 4 бөлімнен құралды. Атап айтқанда, қонақтардың назарына «Астана – Тәуелсіздік бастамасы», «Дәуір белгілері», «Дәуір, Тұлға, Қоғам» және «Н.Ә. Назарбаевтың шығармашылық сәттері» тақырыбындағы көрмелер ұсынылды.
Мерекелік жиынға мемлекет және қоғам қайраткерлері, зиялы қауым мен шығармашылық өкілдері қатысты. Олардың қатарында Астана қаласының дамуына айрықша үлес қосқан Галимов Фарит Хабибрахманович, Төлеген Мұхамеджанұлы Мұхамеджанов, Сансызбай Сейтжанұлы Есілов сынды танымал тұлғалар, сондай-ақ елорданың сәулеттік келбетін қалыптастыру жолында аянбай еңбек еткен ардагер сәулетшілер: Серік Исаұлы Рустамбеков, Аманжол Шаймерденұлы Чиканаев, Василий Филиппович Тоскин, Владимир Александрович Тоскин, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Нелли Викторовна Шиврина және т.б. болды.
Сонымен қатар, «Астана Бас жоспары» ҒЗЖИ» ЖШС қызметкерлері – Гүлнар Қабденқызы Құсайынова, Гүлдана Әбіш және Руслан Бапахин аталмыш шараға арнайы шақырылды.
Астананың алғашқы жылдарын еске түсіріп, тәуелсіз Қазақстанның жетістіктерін паш еткен бұл кеш жылы атмосферада өтті. Қатысушылар елорданың өткені мен бүгіні жайлы сыр шертіп, жарқын болашаққа сенім білдірді.