Астананың Байқоңыр ауданындағы Ахмет Жұбанов көшесінде салтанатты түрде жаңа гүлзар ашылды.
Іс-шара аясында концерттік бағдарлама ұсынылды.
Бұған дейін бос жатқан аумақта жасыл желекпен көмкерілген, жаяу жүргіншілер жолдары мен автотұрағы бар заманауи демалыс аймағы пайда болды. Сквердің жалпы аумағы 7 мың шаршы метрден асады.
Абаттандыру жұмыстары аясында 3 мың шаршы метрден астам асфальт, 4 мың шаршы метрден астам брусчатка төселіп, көше шамдары, орындықтар мен қоқыс жәшіктері орнатылды. Сонымен қатар, шамамен 10 мыңнан астам жасыл көшет отырғызылып, 6 мың шаршы метрге жуық аумақты қамтитын суару жүйесі орнатылды.
Автокөлік жүргізушілері үшін 170 орындық автотұрақ салынды. Сонымен бірге, №5 мектепке барар жол да жөнделді.
Еске сала кетейік, биыл Астанада 170-ке жуық аула мен қоғамдық кеңістік (парктер, гүлзарлар, желекжолдар) абаттандырылады. Жұмыс қаланың барлық аудандарын, оның ішінде тұрғын алаптарды да қамтиды. Қазіргі таңда олардың кейбірі пайдалануға берілді.