1 шілде күні бүкіл әлем сәулетшілері өздерінің кәсіби мерекесі — Дүниежүзілік сәулетші күнін атап өтеді. Осы атаулы күні Астанада көрнекті сәулетші Ерғали Болысбекұлы Нұрмағамбетовтың 90 жылдық мерейтойына орай ескерткіш тақтаның салтанатты ашылуы өтті.
Іс-шараны Астана қаласының Сәулетшілер одағы ұйымдастырды. Қонақтардың қатарында «Астана Бас жоспары» ҒЗЖИ» ЖШС Мамандандырылған бас жоспар шеберханасының басшысы Мәулет Әлібаев, сәулет саласының ардагерлері, жас сәулетшілер, Ерғали Нұрмағамбетовтың ұлы, әріптестері және шәкірттері болды.
1961–1974 жылдар аралығында Ерғали Нұрмағамбетов Целиноград қаласы мен Целиноград облысының бас сәулетшісі қызметін атқарған. Оның жетекшілігімен маңызды қала құрылысы жобалары жүзеге асып, қаланың қазіргі келбетінің негізі қаланды. Кейін ол «Целингорсельпроект» институтын басқарып, тұрғын үйлерді, қоғамдық және инфрақұрылымдық нысандарды жобалау жұмысын жалғастырды.
Оның кәсіби өмірінде болашақ астананың алғашқы бас жоспарларын әзірлеуге қатысуы ерекше орын алады. Оның идеялары мен шешімдері қаланың одан әрі дамуына негіз болды. Ерғали Болысбекұлы – тек талантты сәулетші ғана емес, сонымен қатар артына көптеген білікті шәкірттер қалдырған дана ұстаз.
Ескерткіш тақтаның ашылуы – оның отандық сәулет өнеріне сіңірген еңбегіне деген үлкен құрмет пен алғыстың белгісі. Шараға қатысушылар Ерғали Нұрмағамбетовтың еңбегі жас сәулетшілерді кәсіби биіктерге, жауапкершілікке және өз ісіне деген сүйіспеншілікке ұмтылуға шабыттандыратынын атап өтті.