
Сарыарқа ауданында №56 мектептің оқушылары Ұлы Отан соғысында қаза тапқан жауынгерлерге арналған ескерткіш маңында сенбілік ұйымдастырып, тағылымды шара өткізді. Бұл — тарихты құрметтеу мен азаматтық тәрбиені ұштастырған игі бастама.
«Тарихқа тағзым — тазалықтан басталады» деген ұранмен өткен шара барысында оқушылар ескерткіш айналасын қоқыстан тазартып, өз қолдарымен жасаған құстар ұяларын орнатты. Сонымен қатар, ашық аспан астында тарих пәнінен ашық сабақ өткізіліп, жас буынға ел үшін жанын қиған батырлардың ерлігі туралы тағылымды әңгіме өрбіді.
«Біздің ата-бабаларымыз болашақ ұрпақ үшін жанын беріп, ұлы жеңіске қол жеткізді. Біз олардың ерлігін ұмытпауымыз керек. Бұл — біздің азаматтық борышымыз. Ескерткіш маңын тазарту арқылы өзіміздің алғысымыз бен құрметімізді білдіруді жөн санадық», — деді Дауірхан Сарсен, тарих пәнінің мұғалімі.