Кітап fest: Елордада кітап фестивалі өтті

Кітап fest: Елордада кітап фестивалі өтті

23 сәуір күні елордалық Арбатта еліміздегі алғашқы Ұлттық кітап күніне орай «Кітап FEST» фестивалі өтті.

 

Фестиваль аясында қала тұрғындары мен қонақтары өздерінің сүйікті кітаптарын арнайы орнатылған кітап сөресіне әкеліп, өзгелерімен алмасты. Шара барысында жас ақындар, әртістер мен музыканттардың өнер көрсетті.

 

«Биыл 23 сәуір елімізде тұңғыш рет Ұлттық кітап күні ретінде аталып өтуде. Бұл – халқымыздың білімге, рухани құндылықтарға және оқуға деген терең құрметінің белгісі. «Кітап FEST» – осындай құндылықтарды дәріптейтін, кітапсүйер қауымды біріктіретін рухани алаңға айналарына сенімдімін. Оқуға деген қызығушылық арта берсін, әрбір кітап жаңа көкжиектерге жол ашсын!»,- деп, Жанасыл Шаукентаев өз жылы лебізін білдірді.

 

Әкім кітап алмасу сөресіне өзі де кітап қойып, жастар арасында оқуға деген қызығушылықты арттырудың маңыздылығын атап өтті.

 

«Бұл өте жылы, шынайы фестиваль болды. Біз достарымызбен жиі кітап оқимыз, ал осындай шаралар бос уақытты тиімді өткізуге көмектеседі. Баршаңызды мерекемен құттықтаймыз!»,- деді мектеп оқушылары

 

Айта кетейік, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен, 23 сәуір енді жыл сайын Ұлттық кітап күні ретінде аталып өтетін болады.