Ауланы жаңарту, аумақты көгалдандыру, скверлер салу: «Сарыарқа» ауданында «халық қатысатын бюджет» жобасы басталады

Ауланы жаңарту, аумақты көгалдандыру, скверлер салу: «Сарыарқа» ауданында «халық қатысатын бюджет» жобасы басталады

20 қаңтардан бастап елорданың «Сарыарқа» ауданының аппараты «Халық қатысатын бюджет» жобасына өтінімдер қабылдай бастайды. Аудан тұрғындары ауланы толықтай жөндеу, скверлер, саябақтар, қоғамдық кеңістіктер салу, тротуарларды жайластыру, ауданды көгалдандыру және т.б. бағыттағы жоспарларын ұсына алады, деп хабарлайды «Сарыарқа» ауданы әкімі аппаратының баспасөз қызметі.

Өтінімдер 1 наурызға дейін қабылданады. Осы кезеңде тұрғындар нақты өзгерістерді және жоба үшін қажетті соманы көрсете отырып, абаттандыру жоспарын әзірлеуі керек. Дайын жоспарды қала тұрғындары аудандық аппараттың ресми сайтына жүктейді. Өтінімдер техникалық тексеру және талдау кезеңінен соң тұрғындардың дауыс беруіне шығарылады.

«6-24 сәуір аралығында 18 жасқа толған тұрғындар өздеріне ұнаған жобаға дауыс бере алады. Бұл үшін ЭЦҚ көмегімен аудандық аппараттың сайтында жобаны таңдап, дауыс беру керек. Бір тұрғын тек бір жобаға дауыс бере алады. Нәтижесінде екі топқа бөлінген жеңімпаздар анықталады – пәтерлер саны 100-ге дейінгі аулалар және пәтерлер саны 100-ден асатын аулалар», - деді Бағжан Сәбденов, «Сарыарқа» ауданы әкімі аппаратының қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру және дамыту бөлімінің бас маманы.

Айта кетейік, 2019 жылдан бастап «Сарыарқа» ауданында «Халық қатысатын бюджет» жобасы бойынша тұрғындардың 54 бастамасы іске асырылды. Өткен жылы ауданда 45 аула жаңартылды, оның 23-і тұрғындардың елорда бюджетіне қатысуы аясында толықтай жөнделді.