
Тарихы терең ауданымызда талай ұрпаққа білім мен тәрбие берген оқу орындары аз емес.
Солардың бірі – №36 мектеп. Биыл білім ордасына 90 жыл толып отыр.
90 жыл ішінде мектеп қабырғасынан мыңдаған түлек түлеп ұшып, үлкен өмірге қадам басты. Осы айтулы мерейтой аясында мектепте заманауи IT кабинеті ашылды. Жаңа кеңістік оқушылардың цифрлық сауаттылығын арттырып, заманауи технологияларды тәжірибе жүзінде меңгеруіне мүмкіндік береді. Кабинет компьютерлермен, 3D-принтерлермен және қажетті заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған. Сонымен қатар мектептегі оқу кабинеттері, спорттық және шығармашылық кеңістіктер де кезең-кезеңімен жаңартылуда.
Балалардың сапалы білім алып, жан-жақты дамуына жағдай жасау мақсатында бірқатар әлеуметтік нысанның құрылысы жүріп жатыр. Атап айтқанда, Айтматов көшесі мен Жеңіс даңғылында жаңа мектептердің құрылысы жалғасуда.
Бұдан бөлек, Бейбарыс Сұлтан көшесіндегі Оқушылар сарайының құрылысы аяқталуға жақын. Ал Агрогородок тұрғын алабында балалардың бос уақытын тиімді өткізуіне және шығармашылық қабілеттерін дамытуға мүмкіндік беретін тағы бір Оқушылар сарайының құрылысы басталды.